Ауыл шаруашылығы техникасы бастапқы жарнасыз лизингке беріледі
«ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаңа лизинг бағдарламасын жүзеге асырмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа қаржыландыру шарттары бастапқы жарнасыз ауыл шаруашылығы және арнайы техниканы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға арналған көліктерді сатып алуға мүмкіндік береді.
Лизинг шарттары:
- бастапқы жарна - 0% -дан;
- сыйақы мөлшерлемесі - 22,75% (субсидиялауды қоса есептегенде 6%);
- лизинг мерзімі - 10 жылға дейін;
- қаржыландыру лимиті - 370 млн теңгеге дейін.
Бағдарлама ережелері бойынша лизингке қазақстандық және шетелдік өндіріс техникасы беріледі. Бұдан бөлек, бағдарлама Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қолдауға бағытталған.
Айта кетейік, 2023 жылы ауыл шаруашылығына арналған 7 710 бірлік техникана лезинге алуға 178 млрд теңге жұмсалды. Сатып алынған техниканың 54%-ы Қазақстанда жасалған. Оның ішінде. жеңілдікті қаржыландыру бағдарламалары аясында 6% жылдық мөлшерлеме арқылы 2023 жылы 46 млрд теңге сомаға 2 838 бірлік техника лизингке сатылды.
2024 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Өз азығы», «Қазақстанда жасалған», «Жасыл өнім», «Жеңілдікті лизинг» бағыттары бойынша жеңілдікті қаржылық лизинг бағдарламаларын іске асыруға 6% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 36,8 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Биылғы жылдың ақпан айының басында ҚазАгроҚаржы жеңілдетілген бағдарламалар бойынша құны 14,8 млрд теңгеге 1310 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға өтінімдер қабылдап үлгерген болатын. Оның ішінде бүгінгі күні 6,8 млрд теңгеге 544 бірлік техниканы сатып алуға қаржылық лизинг шарттары жасалды.
Жаңа лизинг бағдарламасы және қаржыландыру шарттары туралы толығырақ ақпарат алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ аймақтық филиалдарына хабарласуға болады.