Ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы әкімдігінде жемісті жылдың жетістіктері паш етілген биылғы «Altyn kùz – 2020» мерекесі өтті. Мерекелік шараға ауыл шаруашылық еңбеккерлері мен шаруа қожалық төрағалары мен аудан қала əкімдері қатысты.
Алғы сөз алған облыс əкімі Өмірзақ Шөкеев барша аграрлық сала еңбеккерлерін жылдық қорытынды мерекемен құттықтап, салада жоғары нəтиже көрсеткен аудан-қала əкімдеріне жəне еңбек озаттарына арнайы марапаттарды табыс етті.
Ауыл шаруашылығын дамыту бұл – стратегиялық маңызды бағытымыз саналады. Пандемияға байланысты кедергілер болғанымен, биылғы жылы қол жеткізген жетістіктеріміздің көрсеткіші жоғары. Алдағы уақытта да жаңа технологияларды қолдана отырып, ауыл шаруашылығы саласын ілгері дамытуымыз қажет. Осы орайда, аймақтағы балық шаруашылығының үлесі республика бойынша 70 пайызын құрайтынын атап өткім келіп отыр. Сала мамандарының еңбекқорлығы бүкіл елді таң қалдыруда,- деді аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев.
Салтанатты шарада ауыл шаруашылығы саласының еңбек озаттары мен үздік нəтиже көрсеткен аудан қала əкімдері арнайы марапаттарға ие болды. Сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің «Алғыс хатымен», Мақтаарал, Жетісай аудандарында төтенше жағдайды қалпына келтіруге қосқан үлесі үшін Мақтаарал аудандық «Ветеринариялық қызмет» кәсіпорының басшысы Омархан Нұрашов Омархан марапатталды. Апат кезінде 931 бас ауыл шаруашылығы жануарларының өлекселері шығарылып жойылды. 445,3 гектар аумақ залалсыздандырылып ветеринариялық қауіпсіздік сақталды.