28 Қазан 2026, 12:00 Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауыл шаруашылығы саласына ЖИ тәсілдерін жедел қарқынмен енгізу қажет – Президент

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ауыл шаруашылығына жасанды интеллект технологияларын енгізіп, су ресурстарын тиімді пайдалану шараларын күшейту қажет екенін айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, өткен аптада Астанаға іссапармен келген NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қазақстанның ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу жөнінде ұсыныс айтқан.

Меніңше, бұл – өте орынды ұсыныс. Оны жедел қарқынмен іске асыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмысты табысты жүзеге асыру Қазақстанның әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін арттыруы мүмкін екенін атап өтті.

Еліміз осы белесті ойдағыдай еңсеріп алса, әлемдік ауқымдағы азық-түлік тапшылығы, яғни жаһандық ашаршылық туындаған жағдайда Еуразияны азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталық болуы әбден ықтимал екеніне күмән жоқ, – деді Президент.

Оның сөзінше, Қазақстанда ірі су көздеріне жақын орналасқан, суармалы егіншілікке пайдалануға болатын ауқымды жер алқаптары бар. Оларды игеру дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2-2,5 есе арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеудің озық тәсілдерін және агрохимиялық технологияларды қолдану аса маңызды. Бірақ елімізде бұл жұмыстың тиімділігі әлі де төмен, – деді Мемлекет басшысы.

Президент су тапшылығы мәселесін шешу үшін жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, суды ұтымды әрі үнемді пайдалану барлық салада басты қағидаға айналуға тиіс.

Үкімет пен әкімдіктер су тұтынуды бақылауды күшейтіп, желілердегі шығынды азайтуы және ауызсуды мақсатсыз пайдалануға жол бермеуі керек. Атап айтқанда, автокөлік жуу орындарында ауызсудың орынсыз жұмсалуына тосқауыл қою қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы судың нақты құнына сай бағалануы керектігін де айтты. Оның сөзінше, Үкіметтің тапсырмасымен су тұтыну саласында ауқымды тарифтік реформа басталған. Енді оны соңына дейін жеткізу қажет.

Суды ұқыпты пайдалану шаруашылық жүргізудің міндетті қағидасына айналуға тиіс, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын толық әрі нақты есепке алу үшін цифрлық құралдарды кеңінен қолданудың маңызын атап өтті. Бұл жаңа өндіріс орындарын жоспарлау кезінде негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Сондықтан Үкімет Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру жұмысын қысқа мерзімде аяқтауы керек, – деді Мемлекет басшысы.