Алматы нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізу керек – Құлыбаев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін Алматы облысы, Жамбыл және Түркістан облысының ауыл шаруашылық өнімдерінен тұратын көтерме орталықтарын құрғымыз келеді.

Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Алматы кәсіпкерлерінің жыл сайынғы конференциясында айтты.

«Ол үшін арадағы делдалдарды жойып, облыстардағы агро өнімдерге құзырлы адамдармен жұмысты дұрыс жолға қою керек. Яғни, облыстардың ауыл шаруашылық өнімдері тікелей Алматы нарығына жететіндей жағдай жасауымыз керек», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол саудамен айналысатын кәсіпкерлердің жағдайына тоқталып, шағын бизнес өкілдері алдағы уақытта салықтан босатылатынын айтты.

«Сауда мәселесіне келер болсақ, кеше мемлекет басшысы өзінің Жолдауында шағын және орта бизнесті үш жылға салықтан босату жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл Алматы үшін өте өзекті, өйткені сауда қаладағы басты саланың бірі және халықтың 14% саудамен айналысады. ЖІӨ-нің 40 пайызын сауда саласы құрап отыр», - деді Құлыбаев.

Сөз арасында ол тексеріс жұмыстарына 3 жылға дейін мораторий жариялануы мүмкін екенін айтты.

«Біз қазір тексеріс жұмыстарына 3 жылға дейін мораторий жариялауды да қарастырып отырмыз, есесіне бақылау кассалық машиналарына көшіру жұмыстарын жүргізуге уақыт бар. Бизнес өкілдерімен түрлі салықтық режим бойынша талқылау жүргізіп, Қаржы министрлігімен оны ары қарай жетілдіріп, салық кодексіне енгізетін боламыз», - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы