Ауыл шаруашылығы өнімдеріміз әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі - Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелінде ауыл шаруашылығы саласында бірлескен инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін зор әлеует бар екеніне тоқталып, Италия бизнес-элитасының назарын осы бағытқа аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Территориямыздың 70 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына жарамды. Еліміз Орталық Азиядағы астықты өлке саналады. Біз бидай мен ұн өндіру бойынша әлемдегі он елдің қатарына кіреміз. Ауыл шаруашылығы өнімдеріміз әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. Әлемде азық-түлік тапшылығы артып келе жатқанын ескере отырып, біз осы сектордың өнімділігін үш есе және экспортты екі есе арттыруды көздеп отырмыз. Қазақстан италиялық серіктестерімен бірге дәнді және майлы дақылдарды өсіру, сондай-ақ макорон, ет және сүт өнімдерін өндіру бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы дөңгелек үстелге қатысушыларды биотехнология, фармацевтика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бірқатар ірі компанияларын Қазақстанда жергілікті өндіріс ашуға шақырды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев IT-саласын дамытудың және «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарына арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ кездесуге қатысушыларды «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы