Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жемқорлықтан жарты млрд теңге шығын келген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруашылығы саласындағы жемқорлықтың алдын алу жөнінде бірлескен жиын өткізді.
Соңғы екі жылда Ауыл шаруашылығы министрлігінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің саны 134-тен 155-ке дейін өсті. Жергілікті атқарушы органдарды есептегенде, барлығы 105 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар әкелген шығын көлемі 500 миллион теңгені құрады, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Дамир Бақытов.
Оның айтуынша, қылмыстардың көбі парақорлыққа, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде лауазымдық өкілетті теріс пайдалануға және субсидиялауға рұқсат беруге байланысты.
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне Степногорск аумақтық инспекциясының басшысы Иштыбаев пен осы ведомствоның бас маманы Тұяқбаевқа қатысты қылмыстық іс жіберілді. Аталған тұлғалар 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында жүйелі түрде алдын ала келісім бойынша "рұқсат беру құжаттарын реттеп береміз" деп кәсіпкерлерден пара алып отырған. 2019 жылдың маусым айында сот үкімімен Иштыбаевқа 3,9 миллион теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды, - деді Агенттік өкілі.
Мемлекеттік сатып алуды жүргізу және аса қауіпті зиянкестерге қарсы жұмыстарды жүзеге асыру кезінде Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің бұрынғы басшылығында да сыбайлас жемқорлық бойынша құқықбұзушылық фактілері бар.
Комитеттің бұрынғы төрағасы Айнабековке қатысты қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Ол Жамбыл облысында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу кезінде "Оразалиев" жеке кесіпкерінің мүддесіне қызмет етіп, конкурстың техникалық мамандандыру талаптарын бұзған. Осыған қоса Комиссия мүшелеріне көрсетілген өнім берушіні жеңімпаз деп негізсіз тануға нұсқау берген.
2017 жылдың 11 сәуірінде Комитет пен "Оразалиев" арасында мемлекеттік сатып алу шарттары жасалып, кәсіпкер өңдеу жұмыстарын 17 техникамен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Алайда, ол міндеттемелерін орындамайды. Осының салдарынан 64-тен 210 мың гектарға дейін аумақта жаппай шегіртке таралып, жерді өңдеу үшін қосымша шығындар пайда болады. Осыған қарамастан, Айнабеков "Оразалиев" жеке кәсіпкерімен келісімшарт сомасын ұлғайтуға қосымша келісім жасайды. Айнабеков бюджет қаржысынан 30 миллион теңгеден астам соманы заңсыз төлеген, - деді Дамир Бақытов.