АШМ мал аурулары туралы статистиканы жариялаудан бас тартты
Министрлік мал ауруларын анықтайтын қазіргі жүйелердің нақты тиімділігі туралы статистиканы да ұсынбады.
Қазақстанда соңғы екі жылда тіркелген мал аурулары, аса қауіпті індет ошақтары мен мал шығынына қатысты нақты статистика жұртшылыққа қолжетімсіз болып қалды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми сауалға берген жауабында бұл мәліметтердің шектеулі санатқа жататынын мәлімдеді.
Қандай деректер жабық қалды?
Редакция сауалында соңғы екі жылда өңірлер бойынша тіркелген мал ауруларының статистикасы, ең көп таралған инфекциялар, аса қауіпті ауру ошақтарының саны, сондай-ақ аурудың адамға жұғу фактілері туралы ақпарат сұратылған. Алайда министрлік бұл деректерді ұсынудан бас тартты.
Осыған орай, сұратқан ақпаратты ұсыну мүмкіндігі шектеулі, – делінген министрліктің ресми жауабында.
Осылайша министрлік бруцеллез, сібір жарасы, аусыл және өзге де аса қауіпті аурулардың нақты қанша ошағы тіркелгенін, қай өңірлерде таралғанын және олардың адамға жұғу жағдайлары болған-болмағанын жария етпеді.
Өтемақы қалай төленеді?
Министрлік жануарлар аурулары анықталған жағдайда малды мәжбүрлеп жою немесе алып қою кезінде өтемақы заңнамаға сәйкес төленетінін хабарлады.
Ведомствоның түсіндіруінше, өтемақы зертханалық зерттеу нәтижесінде инфекция расталып, жануарларды мәжбүрлеп алып қою немесе олардың өлгені дәлелденген жағдайда ғана қарастырылады.
Вакцинация қалай жүріп жатыр?
Министрлік жыл сайын аса қауіпті мал ауруларына қарсы профилактикалық егу жоспары бекітілетінін мәлімдеді.
Ресми мәлімет бойынша, қажетті ветеринариялық препараттар облыс әкімдіктеріне жеткізіледі және өңірлерде вакцинация бекітілген жоспар аясында жүргізіліп жатыр.
Алайда қай өңірлер жоспарды орындамағаны немесе вакцинация қамту деңгейі қанша пайыз екені нақтыланбады.
Мал ауруларын бақылау үшін қандай жүйелер қолданылады?
Министрлік жануарлар ауруларын бақылау мен ерте анықтау үшін бірнеше цифрлық құрал пайдаланылатынын хабарлады.
Олардың қатарында:
– жануарларды сәйкестендірудің ақпараттық жүйесі;
– электрондық ветеринариялық құжаттар жүйесі;
– зертханалық есепке алу құралдары;
– эпизоотиялық мониторинг жүйелері бар.
Ведомствоның мәліметінше, бұл платформалар жануарлардың қозғалысын бақылауға, ауру ошақтарын жедел анықтауға және ветеринариялық бақылау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Дегенмен министрлік мал ауруларын анықтайтын қазіргі жүйелердің нақты тиімділігі туралы статистиканы да ұсынбады.