Ауыл шаруашылығы министрлігі корей жүзімдерін тексермек
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанда хит болып жатқан корей жүзімдерін тексеруге тапсырма беретінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Корей жүзімі туралы, олар зиянды емес пе? – деп сұрады журналистер Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан.
Өнім келген кезде біз сертификаттарға қарайтынымызды, олардың талаптарға сәйкес келетінін және міндетті түрде сынамаларды алу үшін өнім зертханаға тапсырылатынын білесіздер. Егер бұл мәселе бойынша қайта тексеруге өтініш жазсаңыз, онда оны тексеріп, сізге нәтижесін берейік, - деді министр.
Сапаров өнім елге келгенде сертификат алатынын және ведомство міндетті түрде зертханаға тапсыратынын айтты.
Сондықтан біз зертханамызды жаңа құрал-жабдықтармен одан әрі күшейткіміз келеді. Дәл қазір 9 ветеринарлық құрал-жабдық сатып алып жатырмыз. Осылайша, бізге өнімнің сапасын тексеру оңайырақ болады. Корей жүзімі (Шайн мускат – ред.) қазір сәнге айналды, - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрі Мәжіліс кулуарында.
Айдарбек Сапаров өзі әлі шайн мускаттың дәмін татып көрмегенін қоса кетті.
Мен оның дәмін көрген жоқпын. Тексеріп көреміз. Бүгін корей жүзімдерін қайтадан тексеруді тапсырамын. Шекарадан өткен соң құжаттары, анықтамалары бар деп ойлаймын. Ал егер қандай да бір заңсыз жолмен зертханадан бәрі өтіп кетсе, онда бұл басқа мәселе. Сондықтан бүгін комитет өкілдеріне де сынама алып, тексеріп көріңдер деп тапсырма берейін, нәтижесін қосымша айтамыз, - деді ол.