Ауыл шаруашылығы министрлігі 2,5 мыңнан астам субъектінің жер заңнамасын тексереді
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылғы 28 сәуірде пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұзып берілген жерлерді алып қою бойынша жұмыс комиссиясы құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің міндеті жыл соңына дейін мемлекетке кемінде 5 миллион гектар игерілмей жатқан жерлерді қайтару.
2022 жылғы 9 тамызда Президент жер мәселелері бойынша тексерулер жүргізуге мораторийдің күшін жоюды көздейтін Жарлыққа қол қойды.
ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 7,45 млн га алаңда 2584 субъектіге қатысты тексеру жоспарлады, оның ішінде егістік – 585,2 мың га, жайылым – 6,86 млн га құрайды.
Сонымен қатар, шамамен 3 млн га алаңда жерді пайдаланушыларға қатысты 900 жоспардан тыс тексеру тіркелді, нәтижесінде 1 млн 329 мың га бойынша жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 418 нұсқама енгізілді.
Сонымен қатар, жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдарға қатысты 103 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Әкімдіктердің ауыл шаруашылығы жерлерін беру туралы 118 шешімі заңсыз қабылданғаны анықталды.
2022 жылдың басынан бастап 2 млн 929 мың га ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Қазір мемлекетке қайтару бойынша соңғы рәсімдер жүргізіліп жатыр, бұл өткен жылғы 430 мың га қалпына келтірілген жерлерге қарағанда 7 есе көп. Бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр.