Ауыл шаруашылығы министрі республикалық семинар-кеңеске қатысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Түркістан облысына келіп, «Егістен сөреге дейін» жобасы аясындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту жөніндегі республикалық семинар-кеңеске қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ министр облыстық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы» аясындағы ерте пісетін өнімдер көрмесімен танысты.
Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, фермерлер мен кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
Министр қатысушыларды министрлік тарапынан қабылданып жатқан дағдарысқа қарсы жүйелі және жедел шаралар туралы хабардар етті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп, әлемдік азық-түлік нарықтарындағы жағдайды ескере отырып, субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру туралы шешім қабылданды.
Жүйенің басты жаңалықтарының бірі оны цифрлық форматқа көшіру болып табылады. Фермерлер үшін тегін болатын және барлық негізгі мемлекеттік дерекқорлармен толық интеграцияланатын субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі қазіргі таңда сынақтан өтуде.
Жалпы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға ағымдағы жылы 608,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы инвестициялық субсидиялауға, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамытуға, ғылыми зерттеулерге, фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ауыл халқының табысын арттыруға бағытталады.
Ведомство басшысы атап өткендей, егіс науқанын уақытылы және сапалы өткізу Президент қойған басым міндеттердің бірі болып табылады.
Егіс науқанын табысты өткізу үшін фермерлер барлық қажетті ресурстармен: тұқымдармен, минералды тыңайтқыштармен, жанар-жағар май, техникамен және қаржы құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы қаржы көлемі 140 млрд теңгеге жеткізілді.
Жалпы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жоспарлы түрде жүргізілуде. Бұл сұрақ ауыл шаруашылығы министрлігінің ерекше бақылауында.
Сонымен қатар министрлік жүйелі негізде азық-түлік тауарлары қорына мониторинг, өндіріс пен тұтыну теңгерімін жүргізеді.
Қажет болған жағдайда біз өңірлерді қажетті өнімдермен толық қамтамасыз ету мақсатында облыстар арасында тауарларды қайта бөлуді жүзеге асырамыз, - деп хабарлады Ербол Қарашөкеев.
Әкімдіктердің деректері бойынша ағымдағы жылдың 20 сәуіріне республика бойынша картоп қоры 204 мың тоннаны, сәбіз 44,7 мың тоннаны, қырыққабат 28,6 мың тоннаны, пияз 36 мың тоннаны құрайды.
Министр Түркістан облысында көлемі шамамен 198 мың тоннаны құрайтын ерте пісетін қырыққабатты жинау жұмыстары басталғанына, сондай-ақ, мамыр айының ортасынан маусымға дейін 174 мың тонна көлемінде ерте пісетін картоп және маусым айында 45 мың тонна көлемінде сәбіз, 55 мың тонна пияз жинау күтіліп отырғанына назар аударды.
Бұл ретте жеміс - көкөніс және ерте пісетін өнімдерді өндіру үшін жеткілікті жұмыс күші бар Түркістан облысының әлеуеті зор және республикалық ауқымдағы негізгі өндірушілердің бірі болып табылады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Министр тұрақтандыру қорлары мен "айналым схемасы" қаражаты аясында Түркістан облысының шаруаларын форвардтық қаржыландыру бойынша жұмысты жолға қою қажеттігін атап өтті.
Бұл шара отандық өндірушілерді қолдауға, оларды өткізу нарықтарына шығаруға, тауарлар тапшылығының және азық-түліктің бақылаусыз қымбаттауының алдын алуға мүмкіндік береді.
Іс-шара қорытындысы бойынша, ведомство басшысы ұйымдастырушыларға іс-шараны жоғары деңгейде өткізгені үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ шара аясында Түркістан облысының әкімдігі мен облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін жүзеге асыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл маусымаралық кезеңде көкөніс дақылдарының қымбаттауын болдырмауға, сондай-ақ ішкі нарықты көкөніс және картоп өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Түркістан облысының әлеуеті республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте пісетін картоппен, пиязбен, сәбізбен және қырыққабатпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.