Ауыл шаруашылығы министрі Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Еуропа мен Орталық Азиядағы орнықты даму жөніндегі өңірлік директор Стивен Шонбергермен, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Мартомен кездесу өткізді.
Тараптар ауыл шаруашылығы жобаларын іске асырудағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады.
Дүниежүзілік банк өкілдері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдап жатқан шараларға жоғары баға берді. Атап айтқанда, саланы субсидиялау, қаржыландыру, ветеринарлық қызметтерді жетілдіру, жайылымдық жерлерді басқару, мал шаруашылығы секторындағы парниктік газ шығарындылар жүйесін жетілдіру, ұсақ фермерлерге қызмет көрсететін институттарды нығайту сияқты басым бағыттар бағаланды.
Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық қызмет көрсету мен жануарларды есепке алу жүйесін жетілдіру, фермерлік модельдерді ілгерілету, ет индустриясы үшін тиімді агроэкологиялық саясатты іске асыру салаларына күш салатынын айтты.
1944 жылы құрылған Халықаралық Қайта Құру және даму банкі кейін Дүниежүзілік банк деп аталды. Одан соң даму мәселелерімен айналысатын бес мекеме тобына айналды. Бастапқыда берілген несиелер екінші дүниежүзілік соғыстан зардап шеккен елдерді қалпына келтіруге көмектескен.