Ауыл шаруашылығы. Ішкі өнім қанша пайызға өсті?
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бірнеше дәнді дақылдардың алқабы қысқарғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша егіс алқаптарын әртараптандыру жоспарларына қол жеткізілді. Бидай алқабы 450,3 мың гектарға қысқарды, сондай-ақ майлы дақылдар және қант қызылшасы алқаптары сәйкесінше 608 мың және 9,4 мың гектарға ұлғайтылды. Суды көп қажет ететін дақылдар алаңы – күріш 6,9 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға қысқарды, - деді Сапаров.
Ведомство басшысы Мемлекет басшысы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2 есеге арттыру міндетін қойғанын айтады.
Биыл Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары аясында саланың өсімін 11,6% деңгейінде қамтамасыз ету мақсаты қойылған. Жыл басынан бері 6 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,4%-ға ұлғайып, 1,6 трлн теңгеге жетті. Мал шаруашылығында нақты көрсеткіш индексі 103,5%, өсімдік шаруашылығында нақты көрсеткіш индексі – 103%. Жоспарланған 11,6% деңгейдегі көрсеткішке қол жеткізу егін жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін осы жылдың екінші жартыжылдығында қамтамасыз етіледі, - деді министр.