Министр неліктен шикізатты өңдеу дамымай отырғанын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров есеп беру кездесуінде агроөнеркәсіптік кешен саласында шикізатты өңдеу неліктен дамымай отырғанын және саладағы жағдайды қалай жақсартуға болатынын айтты.
«Шикізат өңдеуді дамытуға баса назар аудару керек, себебі қосылатын құнның ең көп бөлігі осында қалыптасады. Алайда, біз қазіргі қолданылып жүрген өңдеу базасымен ахуалды түбегейлі өзгерте алмайтынымызға көзіміз жетіп отыр. Шетелмен салыстырғанда, зауыттарымыздың қуаттылығы он есеге аз, сондықтан өндірістің пайда әкелуін қамтамасыз етпейді. Орнатылған қондырғылар энергияны көп қажет етеді, моральдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да ескірген», - деді Омаров есеп беру кездесуінде.
Ол бұл саладағы жағдайды трансұлттық компаниялар мен ірі өңдеушілерді тарту арқылы ғана түбегейлі өзгерту мүмкін екенін айтты.
«Бүгінгі таңда шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы 1 млрд АҚШ долларынан асатын шамамен 24 ірі инвестициялық жоба түрлі сатыларда іске асырылып жатыр. Оның ішінде жалпы сомасы 710 млн АҚШ долларын құрайтын 14 жобаға трансұлттық компаниялар қатысады», - деді министр.