«Ауыл» партиясының төрағасы мал шаруашылығы ұжымымен кездесті
Кездесуде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов «Асыл түлік» мал шаруашылығындағы асыл тұқымды іс жөніндегі республикалық орталығы» АҚ ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттар Ш.А. Байманов, А.А. Разинков, І. Досхожаев және С.Р. Абдуразақова қатысты.
Кездесу барысында партия төрағасы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту еліміздің тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан экономикасының қуаты ең алдымен мықты өңірлерден басталады. Сондықтан «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасының басты қағидаты – «Қуатты өңірлер – қуатты орталық!».
Қайрат Айтуғанов ауыл шаруашылығы саласының елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, ұлттық дәстүрлерді сақтаудағы және халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы стратегиялық маңызына тоқталды. Ол отандық өндірушілерді қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және аграрлық саланың кадрлық әлеуетін нығайту партия бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі екенін айтты.
Кездесуде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Партия төрағасы ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыру, селекциялық жұмыстарды жетілдіру және отандық мал басының генетикалық әлеуетін сақтау Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Сондай-ақ ол «Ауыл» партиясы аграрлық ғылымды дамытуға, ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдауды күшейтуге, өндірістің инновациялық әдістерін енгізуге және өз өңірлерінің дамуына үлес қосатын білікті мамандар даярлауға бағытталған бастамаларды қолдайтынын айтты.
Бүгінде жас мамандардың туған ауылдарына оралып, сол жердің дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін жағдай жасауымыз қажет. Өз өңіріне еңбек етуге келген адам кәсіби тұрғыда өсу мүмкіндігін және болашағын көруі тиіс, – деді партия төрағасы.
Кездесу барысында орталықтың отандық мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға, асыл тұқымды материалдармен қамтамасыз етуге және саланың ғылыми әлеуетін дамытуға қосып отырған үлесі де сөз болды. Сонымен қатар партия бағдарламасындағы ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын дамыту, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және аграрлық сала үшін білім беру мен кәсіби кадр даярлау жүйесін жетілдіру мәселелері таныстырылды.
Қайрат Айтуғанов кездесу барысында «Ақ жол» және «Respublika» партияларының сайлауалды бағдарламаларын да сынға алып, оларда ауылдық аумақтар мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты кешенді көзқарас жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған партиялардың ұсыныстары негізінен қалалық бизнесті қолдауға және экономиканы жаңғыртуға бағытталғанымен, ауылды дамыту мен фермерлерді қолдау мәселелері жеткілікті деңгейде қамтылмаған.
Ол Қазақстанның орнықты дамуы қуатты ауылсыз мүмкін емес екенін айтып, мемлекеттік саясат ауыл шаруашылығын қолдауға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Кездесу соңында «Асыл түлік» орталығының қызметкерлері саланы одан әрі дамыту, мамандарды қолдау және мал шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтып, өз сұрақтарын қойды. Партия төрағасы ұжымға кәсібилігі мен отандық мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, аграрлық сала қызметкерлерінің еңбегі елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен болашақ ұрпақтың әл-ауқатының негізі екенін айтты.
Сонымен қатар бүгін «Ауыл» партиясының өкілдері Ақмола облысындағы «Аман Ет» ЖШС еңбек ұжымымен және Батыс Қазақстан облысындағы «Энергетик» шаруа қожалығының фермерлерімен де кездесу өткізді. Кездесулерде партияның «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз!» атты сайлауалды бағдарламасының басымдықтары таныстырылып, қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, ауылдық инфрақұрылымды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер талқыланды.