«Ауыл» партиясының тізіміне енген үміткерлерге куәлік тапсыру рәсімі өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ауыл» ХДПП партиясының төрағасы Әли Бектаев әр өңірде түрлі деңгейдегі 612 үміткер облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға кандидат болып ұсынылғанын айтты.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл» ХДПП партиялық тізіміне енген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне үміткерлерге куәліктерді салтанатты тапсыру рәсімі өтті.
Шараны кіріспе сөзбен астаған «Ауыл» ХДПП партиясының төрағасы Әли Бектаев әр өңірде түрлі деңгейдегі 612 үміткер облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға кандидат болып ұсынылғанын айтты.
Бүгінгі таңда сол 612 үміткердің 602-сі тіркеуден толық өтті. Қалған 10-ы тиісті құжаттарын тапсырып қойған, жақын күндері олар да тіркеуден өтеді. Осы жұмыстар аяқталса, біз сайлауға, сайлауалды жұмыстарға толық дайынбыз деп айта аламыз. Бұл партиямыздың жалпы ішкі құрылымының жұмыс істей алатындығын, құрылымның үлкен жауапкершілікке ие екендігін және жергілікті жерлердегі филиалдардың бұл мәселеге асқан жауаптылықпен қарап, тиісті жұмыстарды заң шеңберінде толық атқарып шыға алғандығын, ішкі тәртібімізді, мүмкіндігімізді байқатады. Бұл алдағы сайлауда да, сайлау алды жұмыстардың барлығында да жауапкершілік жүктеп, алға қойған мақсаттарға жету үшін үлкен рөл атқаратынын естен шығармау керек, - деді ол.
Партия төрағасы куәлік алған үміткерлерді құттықтай келе, «аз ұйықтап, көп жұмыс істейтін уақыт келгенін» жеткізді.
Бұл сіздер өткен бір үлкен белес. Алда сайлау келе жатар, атқарылар шаруа көп. Ол үшін әрбіріміз атсалысуымыз керек. Сайлауда Парламентке өту үшін 7%-дық шекті деңгейден асуымыз қажет. Қолдарыңызға мандат берілді. Енді қаңтардың 10-нан бастап әр жерге барып, насихат жүргізуге рұқсат берілді. Сондықтан партияның дәрежесін көтеріп, жеңіске жетуіне белгілі бір деңгейде атсалысасыздар деген ойдамын, - деді ол.
Айта кетейік, «Ауыл» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізімінде 19 адам:
1. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Қайрат Айтуғанов;
2. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті басқармасының жетекшісі Қарлығаш Аралбекова;
3. «Номад» шаруа қожалығының төрағасы Николай Арсютин;
4. Қазақстан журналистері кәсіподағының басшысы Зейін Әліпбеков;
5. «Зылиқа» шаруа қожалығының төрағасы Нұржігіт Бегалы;
6. «Астана» ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кооперациясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Зейнуллин;
7. ҚР Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы;
8. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің департамент директоры Әйгерім Көкеева;
9. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат;
10. «Инновациялық технологиялар академиясы» ЖШС-нің бас директоры Болатбек Қыстау;
11. ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Кенжеғали Машырықов;
12. Экономика, қаржы саласының білікті маманы Алмас Мұхаметов;
13. «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков:
14. Экономика және бизнес магистрі Айдар Сәттаров;
15. ҚР БҒМ ҒМ Экономика институтының директоры Әзімхан Сатыбалдин;
16. «Мәміле» ауызекі қазақ тілі клубының негізін қалаушы Қанат Тасыбеков;
17. Экономика ғылымдарының докторы Рабиға Тоқсейітова;
18. «Әдемі-ай» компаниясының құрылтайшысы Бахаргүл Төлеген;
19. «Азимут» ЖШС директоры Валентин Хаданович.