"Ауыл" партиясының кезекті съезі өтті
Ақмола облысының Зеренді ауылында "Ауыл" партиясының кезекті ХХІV съезі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәжілістегі "Ауыл" партиясының депутаттық фракциясы партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында өңірлерді аралады. Халық пікірін тыңдай келе, "Ауыл" депутаттық фракциясы сайлауалды бағдарламасының негізгі міндеттері болған "Аграрлық банк туралы" және "Азық-түлік қауіпсіздігі туралы" 2 заң жобасына бастамашылық жасап, әзірледі. Аталған заң жобаларын Сенат пен Мәжіліс депутаттарының 60%-дан астамы қолдады. Бұл бағыттағы жұмыстар құзырлы мемлекеттік органдармен жалғасын табады.
Фракция депутаттары агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл аймақтың маңызды аспектілерін қозғаған түрлі заң жобасы бойынша 250-тен астам түзету дайындап, 61 депутаттық сауал жолдады. Мәжілістің пленарлық отырысында заң жобаларын қабылдау барысында жүздеген сауал қойды.
Ауыл-аймақтарда да "Ауыл" партиясынан сайланған депутаттар ауқымды жұмыстар атқаруда. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Анар Аяпбергенованың сауалы бойынша Жарқайың ауданы Бірсуат ауылында мектеп құрылысы басталды, депутат Өміржан Нұрайдың сауалы бойынша Целиноград ауданы Ақмол ауылында мәдениет үйін салу мәселесі агломерацияны дамытудың Бас жоспарына енгізілді, аудандық мәслихат депутаты Евгений Рыжковтың сауалы бойынша шалғайдағы ауылдардан балаларды Уәлиханов ауылының мектебіне тасу үшін "Газель" шағын автобусы сатып алынды.
Съезд жұмысына "Ауыл" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Су ресурстары және иррегация вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Мәжілістегі "Ауыл" партиясының фракция депутаттары, барлық 20 өңірден делегаттар мен "Ауыл" партиясы атынан сайланған депутаттар саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің басшылары мен қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.
Жиын басында сөз алған Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов "Елдің болашағы – мұнай емес, ауыл" дей келе, "Су тасқыны салдарын жоюда сіздердей жарқырап алға шыққан, жастар құрылыс жасағын түзіп, сапқа тұрғызған ешкім жоқ", - деп нықтады.
Съездің басты жаңалығы – партияға толық ребрендинг жасалды, партия атауы мен логотипі өзгерді. Бұдан былай қысқа ғана "Ауыл" партиясы деп аталады. Партия логотипі ретінде қазақ үшін "Отан" атты киелі ұғымның баламасы – киіз үй таңдалды.
Қазіргі кезең – минимализм кезеңі. "Ауыл" партиясы деген қалыптасқан саяси бренд. Сондықтан Саяси кеңес Президиумы тарапынан партиямыздың атауынан "Халықтық-демократиялық патриоттық" деген тіркесті алып тастап, «Ауыл» партиясы деп атау ұсынылды. Ықшам, қарапайым, нақты және айқын композицияда сипатталалған партия логотипі де минимализм стилінде дайындалған, - деді Өзгерістер туралы айтқан "Ауыл" партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты С. Егізбаев.
Сондай-ақ съезд барысында "Ауыл" партиясының демократиялық центризмді қалыптастыруды негізге алған жаңа редакциядағы Жарғысы қабылданды. Партияның миссиясы мен құндылықтары айқындалған саяси бағдарлама бекітілді.
Саяси бағдарламада отандық зейнетақы жүйесін реформалау, "Ауылдан диплом үшін!" жобасын, ауылдық жерлерде жұмыс істегісі келетін жас мамандар үшін жекешелендіру құқымен тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске қосу және т.б. тәрізді қоғамдық өмірдің түрлі саласындағы өзекті мәселелер қамтылған.
Съезд жұмысы аясында "Ауыл" партиясының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру шаралары мен тетіктері туралы пікір алмасу болды. Сондай-ақ партияның Саяси кеңесі мен Ревизиялық комиссиясының есебі тыңдалып, алдағы орта мерзімді перспективаға арналған міндеттер белгіленіп, басқарушы органдар сайлауы өткізілді.