«Ауыл» партиясының кандидаттары екі қаладағы еңбек ұжымымен кездесті
«Ауыл» партиясынан ҚР Құрылтай депутаттығына кандидаттар Дәурен Бабамұратов, Жазира Сұлтанқұлова, Ұлан Абдыханов, Дәурен Рахымбек, Ильяс Досхожаев және Ерали Білеш Астана қаласындағы «СтальЦинк» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.
Кәсіпорын ұжымымен өткен жүздесу кезінде кандидаттар «Ауыл» партиясының «Гүлденсе ауыл, гүлденеді еліміз!» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Олар өндірісті өркендету, еңбек адамының беделін көтеру, өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар қызметкерлердің сауалдарына жауап беріп, пікір алмасты.
Кездесу соңында кандидаттар кәсіпорын ұжымына еңбекте толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
Сонымен қатар, «Ауыл» партиясының Алматы қаласындағы филиалының өкілдері қаладағы №36 аурухана ұжымымен кездесіп, партияның мақсатын түсіндірді. «Ауыл» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Ахметбек Қоңырбаевтың сөзінше, партияның сайлауалды бағдарламасы 7 бағыттан тұрады.
Алдағы Құрылтайға үміткер азаматтардың тізімі бекітілді. Партиядан 69 адам бекітілді. Соның ішінде, Алматы қаласында 4 кандидат бар. Екі азаматымыз жастар квотасымен, біреуі әйелдер квотасымен ұсынылды, - дейді Ахметбек Қоңырбаев.
Сайлауалды бағдарламадағы жеті бағыттың бірі - әділетті мемлекет құру.
Өздеріңізге белгілі президентіміз бірнеше қағиданы айтты. Оның ішінде заң және тәртіп, адал азамат қағидалары бар. Болашақта әділетті мемлекет құруға тырысуымыз керек. Өзімізден кейін адал азамат тәрбиелеуіміз керек. Екінші қағида - азық-түлік қауіпсіздігі. Ол Ауыл партиясының негізгі бағыттарының бірі. Біз агромемлекет болғандықтан ауыл шаруашылығын дамытып, еліміздің ішкі сұранысын ғана емес, экспортқа шығуға мүмкіндігіміз бар. Одан кейінгі бағдарлама - білім және ғылым, инновация. Негізгі стратегиялық принциптер Конституцияға енді. Біз білімге, ғылымға және инновацияға көңіл бөлуіміз керек, - дейді Ахметбек Қоңырбаев.
Партияның одан бөлек негізгі бағыттары - инфрақұрылым, дәстүрлі отбасы саясаты, әділетті әлеуметтік саясат пен экология. Кездесу соңында партия төрағасы жиналғандарды алдағы сайлауға белсенді қатысуды ұсында.