«Ауыл» партиясынан кандидат Жигули Дайрабаев талаптарға сай – ОСК
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында ҚР президенттігіне үміткер Жигули Дайрабаевтың талаптарға сай екенін мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент сайлауына кандидат Жигули Молдахалықұлы Дайрабаевтың Конституциясында және Сайлау туралы Конституциялық заңында оған қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы хаттамаға қол қойылды. Осылайша Орталық сайлау комиссиясы республика президенттігіне кандидат Жигули Молдахалықұлы Дайрабаевтың Конституцияда және Сайлау туралы Конституциялық заңда оған қойылатын талаптарға сәйкес екендігін анықтады, - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Еске салайық, кеше президент сайлауына « Ауыл» халықтық-демократиляқ патриоттық партиясының атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев мемлекеттік тіл емтиханынан өтті.
Дайрабаевқа берілген тақырып - «Менің елім, менің жерім» деп аталды.Екінші тапсырмасына Абайдың өлеңін мәнерлеп оқыды.
Үшінші тапсырмасы еркін тақырып болды. Шығарма жазып, комиссия мүшелеріне «Күшіміз - бірлікте» тақырыбында ойын жеткізді.
Комиссия «Жигули Дайрабаев мырза мемлекеттік тілді еркін меңгерген» деген қорытынды жасады, - деді лингвистика комиссиясының мүшесі Дихан Қамзабек.