"Ауыл" партиясы еңбек адамының беделін көтеретін жаңа бағдарлама ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. "Ауыл" партиясы жобалық жұмыстарды жандандыру мақсатында саяси бастама жариялады. 

Бұл бізге қоғамның әртүрлі топтарымен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осындай жобалардың бірі ретінде біз бүгін "Еңбек адамы – Ел тірегі!" атты саяси бастамамызды жариялаймыз. Оның мақсаты – еңбек адамы мәртебесін көтеру, ауылдық жерлердегі мамандықтардың беделін арттыру, сонымен қатар ел экономикасын дамытудың басты тірегі ретінде жұмысшы мамандықтарды игерген адамдарға позитивті қарым-қатынасты қалыптастыру, - дейді партия басшысы Әли Бектаев. 

Оның сөзіне қарағанда соңғы кездері ақпарат кеңістігінде адам өлтірген, әйел зорлаған, ақша жымқырған жемқорлыққа қатысты фактілер жиі айтылып, жиі талқыланатын болды.

Қарап тұрсаңыз біздің адамдардың арасында жібі түзу адам қалмаған сияқты пікір қалыптасады. Айналаның барлығы қап-қара. Жарық дүниеміз қайда?  Жақсыларымыз қайда? Осыншама тірлікті атқарып жатқан қаншама еңбек адамының қоғамдағы орны қайда? Партияның саяси кеңесі еңбек адамы біздің елімізде ең құрметті, ең беделді және ең танымал болу керек деп есептейді. Жақсы еңбектенген азаматта маңдай теріне қарай марапат, жоғары еңбекақы, жеңілдіктер сынды толып жатқан артықшылықтардың бәрі болуы шарт. Бұл жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралы және біз өзіміз айтып жүруіміз керек, -  дейді ол.

Оның ойынша, партия еңбек адамының беделі мен танымалдылығын арттыруға қатысты барлық іс-шараның ұйытқысы болуы қажет.

Сол себепті, партияның барлық филиалына түрлі марапаттарға ие болған партияның мүшелерімен кездесулер ұйымдастыруды тапсырамын. Аталған басқосуларға бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері шақырылуы тиіс. Бұл игі бастама енді ғана мамандық игеруге қадам басқан жастарға патриоттық тәрбие болады, - дейді партия басшысы. 

"Еңбек адамы – ел тірегі" атты бастама мен ауыл еңбеккерлерінің беделін арттыруға қатысты шаралар газеттер мен теледидар арқылы жұртшылыққа таныстырып, кеңінен насихаттауға бағытталған арнайы бағдарламалардың ақпараттық тапсырыс тақырыптарын әзірлеуді партияның Орталық аппаратына тапсырылды. 

Біздің партия осы жұмыстардың басында тұруы керек. Бұл - біздің басты мүддеміз. Осы ұсыныстармен мемлекеттік органдарға шығуымыз қажет, - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы