«Ауыл» партиясы Президенттің шешімін құптайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Facebook-тегі парақшасында Парламент және мәслихаттарға кезекті сайлаудың жариялануына қатысты мәлімдемесі жарияланды.

Бүгін Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы өтетіні жайлы жарлығын жариялады. «Ауыл» партиясы Президенттің бұл шешімін құптайды. Бұл қазіргі кезеңдегі коронавирус пандемиясына қарамастан еліміздің барлық азаматына Конституцияда көрсетілген сайлау құқын пайдалануға мүмкіндік беретін дұрыс шешім. Сайлау – кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының ажырамас бөлігі, - деп мәлімдеді «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Саяси кеңес Президиумы. 

Партия Президиумы осы жолғы сайлау несімен ерекшелетінін айтты.

Конституциялық мерзімде өткізілетін бұл сайлау әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастырылуы, парламенттік оппозиция институтының енгізілуі, сондай-ақ мәслихат депутаттарының партиялық тізіммен сайлануы сияқты белгілі бір жаңашылдықтарымен ерекшеленбек. Біз, ел тұрғындарының ауқымды бөлігінің мүддесін арқалаған партия ретінде, аталмыш өзгерістер халқымыздың саяси партиялар институтына деген сенімін арттыра түседі деп есептейміз. Сондай-ақ осы жолғы сайлау көппартиялық парламенттің қалыптасуына себепкер болып, қоғамның жаңаруға деген сұранысын қанағаттандырады деп ойлаймыз. Көппартиялық Парламент – қазіргі заманның талабы, Қазақстандағы саяси жаңғырудың жаңа кезеңі. Саяси партиялар арасындағы әділ бәсекелестік пен сайлау үдерісі мен дауыстарды санаудағы ашықтық қана Қазақстанның одан әрі дамуының кепілі бола алады деп есептейміз, - деп хабарлады партия өкілдері.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы