«Ауыл» партиясы балаларға арналған арнайы қолдау қаражатын енгізуді ұсынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев партияның кезектен тыс XVIII съезі барысында айтты.
Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады. Соңғы жылдардың көрсеткіші бойынша ажырасу көрсеткіші қалада 40 пайызға, ауылдық жерде 27 пайызға жетіп отыр. Бұл - ел болашағы үшін өте қауіпті көрсеткіштер. Некесіз дүниеге келген тастанды балалардың саны өскен. Бүгін сәби үйінде қанша тастанды бала тәрбие алуда. Бұл жетімі мен жесірін далада қалдырмаған халқымыз үшін үлкен трагедия, - деді ол.
Бектаевтың айтуынша, отбасы институты мен ана мәртебесін көтеру керек.
Көпбалалы аналардың тұрмыстан теперіш көруі елдігіміз бен мемлекетімізге сын. Әлеуметтік көмек алу саласында қағазбастылық шарықтап тұр. Экономика тұрақты даму үшін адам саны 30 млн-нан аз болмауы керек. Қазіргі демографиялық көрсеткіш одан екі есе аз. Сондықтан бала туу мен тәрбие мәселесінде қаражатты аямау керек деп есептейміз, - деді ол.
Депутат отбасын асыраймын деп жүрген ата-ана бала тәрбиесіне қажетті уақыт бөле алмайтынын айтты.
Балаларға арналған арнайы қолдау қаражатын енгізу керек. Оны «бала нәсібі» немесе «бала капиталы» деп атап, оны 18 жасқа дейін төлеуді қамтамасыз ету керек. Ол отбасының кірісі мен бала санына байланысты болмауы керек. Бұл төлем арнайы карточка бойынша баланың қажеттілігіне ғана жұмсалуы керек. Мәселен баланың киімі, тамағы, оқу мен оқулығына, емделуіне сияқты мәселелерге, - деді ол.
Айта кетейік, кезектен тыс съезге партияның өңірлік филиалдарынан 110 делегат сайланды. Карантин шараларына байланысты 64 делегат тікелей, 36 делегат қашықтан қатысты. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев ауыл инфрақұрылымын реттеуге қауқарсыз деп, «Ауыл - ел бесігі» жобасын сынға алды. Сонымен қатар шенеуніктер ауыл тұрғыны азайса, ондағы нысандарды жаба салуды әдетке айналдырғанын да айтып өтті.