Ауыл оқушыларына арналған “Мың бала” олимпиадасының жеңімпаздары анықталды
Астанада “Мың бала” ұлттық олимпиадасының қорытынды конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Конференцияға жеңімпаз оқушылар мен еліміздің әр өңірінен келген «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының үйлестірушілері қатысты.
“Мың бала” олимпиадасы – ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтайтын және оларға қолдау көрсететін аса маңызды жобалардың бірі. Бес жыл ішінде олимпиадаға ауыл мектептерінде оқитын 754 мыңнан астам 6-сынып оқушысы қатысты. Олардың арасынан 5000-ы олимпиада жеңімпазы атанды, 1800-ге жуық оқушы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды. “Мың бала” олимпиадасын “El Umiti” корпоративтік қоры Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен серіктестікте жүзеге асырады.
Биыл олимпадаға 83 318 оқушы тіркелді. “Мың бала” олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. I кезең онлайн форматта 1 сәуір мен 11 сәуір аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында өтті. Екі бөлімнен және 40 сұрақтан тұратын тестілеу тапсырды, ол - логикалық ойлау, кеңістіктік ойлау. Ең жоғары қорытынды балл жинаған 5 мыңнан астам оқушы олимпиаданың II кезеңіне жолдама алды.
Олимпиаданың екінші кезеңі 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында математикалық сауаттылық, қазақ тілі (қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін), орыс тілі (орыс тілінде оқитын оқушылар үшін), ағылшын тілі, жаратылыстану пәндері бойынша өтті. Нәтижесінде 1000 бала жеңімпаз, 533 балаға квота бөлінді.
Олимпиада жеңімпаздары дарынды балаларға арналған еліміздің жетекші мектептеріне - Республикалық физика-математика мектебіне, “Білім-Инновация” лицейлеріне, “Дарын” мамандандырылған мектептеріне квота бойынша оқуға түсу мүмкіндігіне ие болды.