Ауыл оқушыларына арналған IQanat олимпиадасының бірінші кезеңі басталды
2022 жылы осымен алтыншы рет өткізіліп отырған олимпиадаға еліміздің 166 ауданынан 40 882 оқушы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бірінші тур барысында жеңімпаздар екінші турға - облыстық кезеңдерге іріктеледі, олардың жеңімпаздары 2023 жылдың жазында елордада өтетін ақтық сынға жиналады. Ақтық сынға өткен барлық балаға Олимпиададан кейінгі қолдаудың 3 жылдық бағдарламасы шеңберінде қолдау көрсетілетін болады, оған ҰБТ-ны сәтті тапсыруға дайындық, үздік қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарына түсу, және ең бастысы ауыл оқушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша курстар: көшбасшылық және IT дағдылар, (өзіндік)- мотивация, сыни ойлау, функционалдық сауаттылық және т.б. кіреді.
Соңғы 5 жылда іріктеу форматы өзгерді. Енді тестілеу пәндік білім бойынша емес, қабілеттер бойынша жүргізілетін болады. Тестілер логикаға, математикалық және кеңістіктік ойлауға, оқу сауаттылығына арналған. Жеңімпаз болу мүмкіндігі мектепте үздік оқитындарға ғана емес, барлығына беріледі.
IQanat - ауыл балаларына шексіз мүмкіндіктер ашып, олардың өмірін түбегейлі өзгертетін қазақстандық кәсіпкерлердің білім беру жобасы. 2017 жылдан бастап олимпиада 190 мыңнан астам ауыл оқушысын қамтыды. Қор ауыл мектептерінің жүздеген түлегін ЖОО-ға түсуге дайындады және Қазақстан мен шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсуге көмектесті. Қордың қызметі туралы толық ақпаратты @iqanatkz Instagram парақшасынан алуға болады.