Ауыл оқушыларына арналған IQanat Hackathon жобасы басталды
Ақтөбе, Қарағанды, Орал, Семей және Шымкент қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ауыл оқушыларына арналған IQanat Hackathon жобасы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Төрт күнге созылатын іс-шараға 17 облыстың 600-ден аса 9-сынып оқушысы мен 32 мұғалімі қатысып жатыр.
Қазақстандық кәсіпкерлердің IQanat жобасы ауыл оқушыларына арналған білім беру бағдарламаларын іске асыру бағытында жұмыс жасайды. Жоба ауыл балаларының бәсекеге қабілетін арттырып, көшбасшылық машықтарын дамытуды мақсат етеді.
Бұл Hackathon іс-шара IQanat қорының көптеген жобаның бірі ғана. Бұдан бөлек олимпиададан кейінгі сүйемелдеу бойынша менторлармен жұмыс, шетелдік оқушылармен кездесулер жиі ұйымдастырылады. Воркшоптар аясында алған білім оқушыларға пайдалы болады деп үміттенеміз, – деп атап өтті IQanat қорының өкілі Анель Аманбекова.
Hackathon барлық бағдарламасы оқушылардың IT машығын дамытуға бағытталған. Төрт күн ішінде ауыл балалары WEB-бағдарламалау мен мобильді қосымшаларды әзірлеудің қыр-сырымен танысып, SMM негіздерін, Python бағдарламалау тілін үйренбек. Сонымен қатар қатысушылардың көшбасшылық қасиеті мен математикалық қабілетін арттыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады.
IQanat жобасы көптеген мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, жаңа достар табуға көмектесті. Бұдан бөлек IT саласының түрлі бағытын үйренуге жағдай жасауда. Өзім болашақта IT маманы болуды армандаймын, сондықтан осы жобаға қатысып жатқаныма қуаныштымын, – деп бөлісті Солтүстік Қазақстандағы Кеңес ауылынан келген Бауыржан Байжан.