Ауыл оқушыларына 100 ноутбук сыйға берілді
Қазақстан ауылдарынан шыққан балаларға 100 ноутбук тарту етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ноутбуктер ауылдарда тұратын және цифрлық инфрақұрылым тұрғысынан қажеттіліктері бар дарынды балалардың оқуы мен дамуы үшін қуатты құрал болмақ. 100 жаңа ноутбукті IQanat қамқоршысы Мақсат Төлепов Қазақстан ауылдарынан шыққан және жоба аясында білім алып жатқан балаларға сыйға берді.
Кәсіпкерден сыйлық алған оқушылардың бәрінің де білім алуға деген ынтасы зор. Олар 2024 жылғы IQanat Олимпиадасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, финалда 50 мыңнан астам қатысушы арасында үздік 200 оқушы қатарына енген. Еске салайық, жарыс нәтижесі бойынша оза шапқан балалардың алғашқы жүздігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында оқуға грант жеңіп алған болатын, - делінген хабарламада.
Бүгінде сыйлыққа ноутбук алған балалар өз ауылдарында тұрып жатыр және сонымен бірге IQanat жобасының IQ Advance белсенді бағдарламасына қатысып жатыр. Бұл бағдарлама аясында оқушылар үш жыл бойы университетке оқуға түсуге дайындалады. Сондықтан оларда қажетті техникалардың болуы өте маңызды.
Ноутбук ауылдардың географиялық тұрғыда алыстығымен байланысты кедергілерді жеңуге және оқушылардың сапалы оқу материалдарына, онлайн курстар мен интерактивті білім алу платформаларына қолжетімділігінің болуына көмектеседі.
Қор ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жыл сайын 50 мыңға жуық сегізінші сынып оқушысын қамтитын "IQanat" республикалық олимпиадасын өткізіп келеді. Ол Қазақстанның барлық өңіріндегі ауыл оқушыларын қолдауға бағытталған. Мықты академиялық дайындығының арқасында IQanat түлектерінің 90%-дан астамы Қазақстанның және шетелдің үздік ЖОО-на грантпен оқуға түсіп келеді. Бүгінде жоба түлектері әлемнің 17 елінде білім алып жатыр.