Ауыл оқушылары арасындағы олимпиада жеңімпаздарына қандай сыйлық беріледі
Бүгін ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша I республикалық олимпиада басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қоянды ауылының №2 орта мектебінде олимпиаданың ашылуына қатысып, оқушыларды құттықтады.
Баршаңызды алғаш рет өткізіліп отырған республикалық ауыл мектептері оқушылары арасындағы олимпиаданың аудандық деңгейдегі ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл олимпиаданы оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да көптен күткен болатын. Бұған дейін өтініштер, сұраныстар айтылып жүрген еді. Оның тарихы бүгіннен басталып отырған жоқ. Әсіресе лицей, гимназиялардың оқушылары республикалық межеге келген кезде қанжығаларына алтын медальді иеленіп кететін. Ал ауылдың балалары кейде көлеңкеде қалып қойып жатады деген пікірлер айтылып келді. Енді осыны саралай, сараптай келе көптеген ата-ана мен ұстаздың пікірін ескеріп, қала мен ауыл балалары арасындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында осы олимпиаданы өткізуді жөн көрдік, - деді министр.
Ғани Бейсембаев бұл жоба ауыл балаларына беріліп отырған үлкен мүмкіндік екенін айтты.
Бұл олимпиаданың республикаға деңгейіне дейін өтуі талай дарынды баланың бағын жағуға мүмкіндік берері сөзсіз. Республикалық деңгейге шыққан кезде бала арнайы дайындықтан тағы өтеді. Оған қамқорлық жасалады. Алдағы 5 жылдың ішінде ауыл балалары олимпиадағы қатысудың барлық қыр-сырын меңгеріп алғаннан кейін оларды ауыл не қала балалары деп бөлмей, республикалық олимпиада бір болады деген үміттемін. Бәсекеде бөлінбей, керісінше мықтылардың арасынан мықты болып шығу ол үлкен жол ашады, - деп айтты бас ұстаз.
Министр болашақта жастарымыздың мықты азамат болып шығуына жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
Оқу-ағарту министрі олимпиада жеңімпаздарына сыйлық берілетінін айтты.
Аудандық, облыстық деңгейде жергілікті әкімдік өздері сыйақы тағайындайды. Ол жергілікті әкімдіктердің ұсынысы бойынша. Бірақ республикалық олимпиадада тиісті тәртібі бойынша өткізіледі. Ең бастысы, балалар өзінің білімін басқа оқушылардың араасында айқындай алуына мүмкіндік тудыру. Сонымен қатар бұл олимпиада мықтылардың, үздіктердің өз-өзін көрсетуге, дарындылығын дәлелдеуге болатын алаң. Сондықтан мұны сыйақы алу мақсатына айналдырғаннан гөрі балалардың өз-өзін сынауға мүмкіндік алатын алаң ретінде қарастырған жөн, - деп айтты Бейсембаев.
Ведомство басшысы ауыл балалары арасындағы олимпиада республикалық деңгейде алғаш рет өткізіліп жатқаннан кейін сыйақы көлемі әлі шешілмегенін атап өтті.
Еске сала кетсек, халықаралық олимпиада жеңімпаздарына алтын медаль үшін – 1 500 АЕК (5 175 000 теңге), күміс медаль үшін – 1 000 АЕК (3 450 000 теңге), қола медаль үшін - 500 АЕК (1 725 000 теңге) мөлшерінде ақшалай сыйақы қарастырылған.