Ауыл мен қала мұғалімдері қанша жалақы алатыны белгілі болды
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мұғалімдердің жалақысы мен жұмыс жүктемесіне қатысты сауалнама нәтижесін және қазіргі еңбекақы деңгейін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мектеп мұғалімдерінің негізгі бір ставкасы 16 сағатты құрайды. Қазіргі таңда ақпараттық жүйелер арқылы мұғалімдердің бір ставкамен ғана емес, 1–1,5 ставкамен жұмыс істеп жүргені де байқалады.
Мұғалімдердің жалақысы тек ставкамен шектелмейді. Оған қосымша үстемақылар қосылады. Атап айтқанда, біліктілік санаты үшін 30-50 пайыз аралығында үстемеақы төленеді. Сонымен қатар дәптер тексеру, сынып жетекшілігі және өзге де төлемдер бар. Жалақы осы позициялардың барлығынан құралады, – деді бірінші вице-министр.
Майра Мелдебекованың мәліметінше, қазіргі таңда мұғалімдердің орташа жалақысы шамамен 352 мың теңгені құрайды. Бұл қалалық жерлерде. Ал ауылдық мектептерде жалақы көлемі 435 мың теңгеге жетеді. Өйткені ауылдық жерлерде қосымша үстемақылар есебінен жалақы жоғары болуы мүмкін.