Ауыл мектептеріне арналған олимпиаданың шешуші кезеңі басталды

Ауыл мектептерінің 9-11(12) сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші кезеңі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі жазды. Оған олимпиаданың екінші кезеңінен өткен еліміздің әр өңірінен 1 088 оқушы қатысуда. 

Республикалық кезең жаратылыстану-математикалық бағыттың 6 пәні бойынша (14-18 қаңтар аралығында) және қоғамдық-гуманитарлық бағыттың 7 пәні бойынша (21-25 қаңтар аралығында) дәстүрлі форматта екі турдан өткізіледі.
 

Олимпиаданың мақсаты - ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілеттерін анықтау және оларға қолдау білдіру, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды табу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануына жағдай жасау. Ережеге сәйкес олимпиада 13 пән бойынша өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады. Бірінші (бастапқы) кезеңге еліміздің әр өңірінен 78 404 оқушы қатысты. Екінші (іріктеу) кезеңінде 25 844 оқушы бақ сынасты. Олардың ішінен, 1088 жеңімпаз үшінші (республикалық) кезеңге жолдама алды, - деп атап өтті "Дарын" РҒПО Зияткерлік іс-шараларды ұйымдастыру және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Айгерім Ерниязова.

Олимпиада қорытындысы бойынша қатысушылардың жалпы санының 45%-нан құралатын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Сондай-ақ барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар беріледі. Сонымен қатар, жеңімпаздарға еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының ректорлық гранттары табысталады.

Айта кетсек, III кезеңнің барлық қатысушылары "Дарын" республикалық сырттай мектебіне қабылданатын болады. Сонымен қатар, I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Өзгелердің жаңалығы