Ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім сапасы сын көтермейді – депутат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Үкімет сағатында ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім сапасы сын көтермейтінін айтып, жауапты ведомствоға тиісті шара қабылдау қажеттігін ұсынды.
Ауылды модернизациялау, ауылды өңірлік стандарттар жүйесімен қамту дегенде біз ауыл мектептерін дамытуға көңіл бөлуіміз қажет. Бүгнде ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім сапасы сын көтермейді. Бұл білімдегі теңсіздікке әкеліп отыр. Егер ауыл мектебі оқушыларының білім сапасы туралы айтатын болсақ, онда ауыл балалары физиканы, химияны, биологияны заманауи лабораторияларда оқымайтын болса, нанотехнологияны, биотехнологияны ауылдың баласы білмейтін болса, емін-еркін спорт үйірмелеріне бармаса, онда ауыл баласының бәсекеге қабілеттілігі туралы айту қиын, - дейді Мәжіліс депутаты.
Оның сөзінше, бүгінгі күні білім теңсіздігі өте өзекті мәселе. PISA 2018 жылғы зерттеулерінің нәтижелері бойынша қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы 1,5 жылдан 4 жылға дейінгі уақытты қамтып отыр. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық бірнеше облыста байқалып отыр – Батыс Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Атырау облыстары.
Егер біз «Ауыл - ел бесігі» жобасын жүзеге асыруды айтатын болсақ, онда өңірлердегі стандарттар ретінде жоғарыда аталған облыстардағы білім стандартының жоғары деңгейде қамтылуын негізге алуымыз қажет. Толыққанды ауыл мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландырудың тиімді жүйесін әзірлеу және оны есептеу бойынша қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? Ауыл мектептері жан басына қаржыландыруға қашан өтеді? Ауылдың бір оқушысы сапалы білім алып, бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін бір балаға қанша қаражат жүмсалады? – деп сұрады депутат.
Сүлейменованың пікірінше, «Дипломмен ауылға!» жобасы ауыл мектептерін сапалы педагог кадрлармен қамтамасыз етуді жүзеге асырмай отыр. Қаншама қаражат бөлінгенімен, оның тиімділігі ауылды дамытуға бағытталмай отыр. Депутат осыны қолға алуды ұсынды.