Ауыл мектебінің оқушылары халықаралық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. С.Ластаев мектебінің оқушылары (Катонқарағай ауылы) Алматы қаласында өткен шығармашылық фольклорлық ансамбльдердің халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Бірнеше жыл бұрын мектепте музыкалық аспаптар болмаған, ал оқушылар музыка оқымайтын.
«Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры» АҚ қолдауымен музыка сыныбын жабдықтап, 2020 жылы «Мұрагер» ұлттық аспаптар оркестрін құруға мүмкіндік туды. Оркестр құрамында 1-11 сыныптар аралығындағы 30 оқушы бар.
Оқушылар Petrof пианиносында және жетіген, сазсырнай, домбыра, сыбызғы, шаңқобыз, асатаяқ сияқты ұлттық аспаптарда ойнайды. Мектеп оқушыларын аспапта ойнауға үйретуге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, этномузыкант және композитор Еділ Құсайынов орасан зор үлес қосты.
2022 жылдың 18 мамырында Алматы қаласында өткен «Жарық жұлдыз» байқауында оркестр жетекшісі Омар Нұрдана және 3-9 сыныптардың 20 оқушысы бар «Мұрагер» ұлттық аспаптар оркестрі Бас жүлдені жеңіп алды.
Жетіген ойыны бойынша 3-сынып оқушысы Аяна Рафхатқызы I орынға ие болды.