Ауыл мектебінде қайың аллеясы пайда болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екібастұзда Әлкей Марғұлан атындағы ауылда жалпы кенттік сенбілік кезінде барлығы 100 қайың көшеті егілді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Ауыл әкімі Жанымхан Жансеріктің айтуынша, туған ауылды абаттандыру жұмыстарына жергілікті тұрғындардың барлығы шыққан. Ауылдық скверде 70 қайың, жергілікті мектептің жанында 30 ағаш отырғызылған. Сонымен қатар шараға Екібастұз қаласынан келген тұрғындар да қатысқан.
Туған жерге ағаш отырғызу - кез келген адам үшін өте жақсы іс. Мен жерлестерім үшін пайдалы бір нәрсе жасай алатыныма өте қуаныштымын. Бұл кішкентай көшеттер үлкен ағаштар болып өсетініне сенімдімін, - деді кеншілер қаласының еңбек ардагері Захар Ильин
Ауыл әкімдігінде жаңадан отырғызылған ағаштарға міндетті түрде қажетті күтім жасалады деп сендірді. Ауыл тұрғындарын көшеттермен жергілікті мыс өндіретін компания қамтамасыз еткен.