Ауыл мектебі бес рет республикалық үздік атанды: Ардагер ұстаз Президенттен марапат алды
Маңғыстау облысындағы мектеп оқушылары бес рет республикалық олимпиадалық мектеп атанып, екі мәрте үздік білім ұйымы болған.
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің оқушылары республикалық пәндік олимпиадада бес рет үздік атанып, екі мәрте үздік білім беру ұйымы атағын иеленген. Осы мектепті жылдар бойы басқарып, талай шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаз Қаламқас Тілеубаева бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мемлекеттік марапат алды. Салтанатты жиыннан кейін ол ауыл мектебінің жетістіктері мен ұстаздық жолы туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бар саналы ғұмырымды ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз ретінде бүгінгі көрсетіліп жатқан құрметке шексіз ризашылығымды білдіремін. Президенттің қолынан марапат алу – менің еңбегіме берілген үлкен баға деп есептеймін. 50 жылдан астам еңбек өтілімде ауыл мектебінің мұғалімі, ауыл мектебінің басшысы ретінде, ауыл мектебінің мұғалімдерін тәрбиелеген ардагер ұстаз ретінде жеткен жетістіктеріме, шыққан биігіме, алған асуыма үлкен марапат бүгін менің омырауыма Президенттің қолымен тағылды. Президентке осыншама мұғалімге, оның ішінде ардагер ұстаздарға құрмет көрсеткені үшін шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді Қаламқас Тілеубаева.
Ардагер ұстаз ауыл мектебінің қала мектебінен еш кем болмауы керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, өзі басқарған мектептің оқушылары республикалық пәндік олимпиадалардағы нәтижесі бойынша бес рет үздік республикалық олимпиадалық мектеп атанған.
Ауыл мектебінің қала мектебінен айырмасы болмауы керек деген әңгімені Мемлекет басшысы өз сөзінде айтып кетті. Мен мұны дәлелдеген басшымын деп есептеймін. Себебі мен басқарған мектептің оқушылары республикалық пәндік олимпиаданың көрсеткішімен бес рет үздік республикалық олимпиадалық мектеп атағын алды. Екі рет үздік орта білім беру ұйымы атағын иеленіп, біріншісінде – 17 млн, екіншісінде – 68 млн грантты ұтып алды, – деді ол.
Қаламқас Тілеубаева ауыл мектебінде республикалық деңгейде танылған педагогтер де көп екенін айтты.
Сол қарапайым ауыл мектебінде республикалық деңгейдегі бес үздік педагог бар. Биылғы оқу жылында алтыншы үздік педагогіміз облыстан өзінің орнын алып, қазан айының ішінде мәртебелі сайысқа қатысқалы отыр, – деді ардагер ұстаз.