Ауыл маңына төгілген битум жұрттың үрейін ұшырды
Ертіс өңіріндегі Павлодарское ауылында пайда болған қоқыс орны халықтың үрейін ұшырды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, қоқыс орнында битум қалдықтарына ұқсас сұйықтық шоғырланған. Павлодарское елді мекенінің халқы қоршаған ортаның экологиясына алаңдап отыр. Себебі, бұл қалдықтар аса зиянды.
Құрылыс заттары жиналып жатыр. Мәселен, битум ыстықтан балқып, жерге жайылып жатыр. Үй жануарлары батып кеткен жағдайлар да бар. Біз жергілікті билікке шағым түсірдік. Әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тараттық. Әкімдік өкілдері қоқыс уақытша жатқанын жеткізді. Бұл аумақ қорғалатын жерге жетеді, себебі, Ертіс өзеніне жақын жатыр, - дейді тұрғындар.
Халықтың шу шығарғанына қарамастан, әкімдіктегілер бейқам. Мамандардың айтуынша, бұл - бар болғаны құрылысқа арналған құм.
«Павлодар жолдары» кәсіпорны ауылдың шеткі аумағына құрылыс топырағын жинайды. Қоқыс емес. Кейін материал жол салу кезінде қолданылады. Бұл құрылыс компаниясының атына 1,8 гектарлық жер тіркелген. Бұл аумақта асфальт зауыты мен құрылыс материалдары орналасқан. Бірақ, бұл тарлық еткендіктен, 25 соттық қосымша жер қарастырылған. Құрылыс құмы қыста әкелінгендіктен, оның құрамында битумның барын білу мүмкін емес болды, - дейді Павлодарское ауылының әкімі Сырым Рушанов.
Сырым Рушановтың айтуынша, битум балқып кетіп, халық наразылық білдерген соң мамандар оқиға орнына барған.
Битум сол күні жиналып, аумақ тазартылды. Полиция, экология қызметінің мамандарымен бірге акт толтырылды. Өзім әкім болып бес жыл бойы жұмыс істеп жүрмін. Құрылыс материалдары сол уақыттан бері жиналып жатыр. Бірақ, битум алғаш рет анықталып отыр, - дейді ауыл әкімі.
Айта кетейік, бұл дерек бойынша облыстық экология департаменті тексеріс жүргізіп жатыр. Битумның таралған аумағы – шамамен 70 шаршы метр.