Кеше 2026, 11:55 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Ауылдар мен қалалар мәртебесінен айырыла ма? Жаңа талаптар белгілі болды

Парламентте әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы жаңа конституциялық заң жобасы таныстырылды.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, құжат елдегі конституциялық реформалар аясында әзірленген және жаңа Конституция талаптарына сәйкестендірілген.

Заң жобасы бұрыннан қалыптасқан құқықтық жүйенің сабақтастығын сақтай отырып, мемлекеттің бірлігі мен тұтастығы қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Омарбеков.

Облыс пен ауданды кім құрады?

Заң жобасында әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі нақты көрсетілген.

Құжатқа сәйкес:

  • Президент облыстар мен аудандарды құру және тарату туралы шешім қабылдайды;
  • елді мекендерді республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қала санатына жатқызады;
  • әкімшілік-аумақтық мәселелер бойынша негізгі шешімдерді бекітеді.

Ал Үкімет Президентке осы мәселелер бойынша ұсыныстар енгізіп отырады.

Сонымен қатар Үкімет:

  • Астана;
  • республикалық маңызы бар қалалар;
  • облыстар шекарасын белгілеу және өзгерту құзыретін жүзеге асырады.

Ауыл, кент және қала мәртебесіне нақты талап қойылады

Заң жобасында елді мекендердің мәртебесіне қатысты жаңа талаптар енгізілген.

Қалалық елді мекендер қатарына барлық деңгейдегі қалалар жатса, ауылдық елді мекендерге ауылдар мен кенттер кіреді.

Вице-министрдің айтуынша, жаңа нормалар елді мекендердің мәртебесін негізсіз өзгертуге жол бермеуге бағытталған.

Бұл рәсім әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен тұрғындардың пікірін ескере отырып қана жүзеге асырылады, – деді ол.

Әкімдіктердің өкілеттігі нақтыланады

Құжатта жергілікті атқарушы және өкілді органдардың да құзыреттері нақты жазылған.

Олар ауыл мен кент мәртебесін беру, әкімшілік бағыныстылықты анықтау және шекараларды бекіту және өзгерту мәселелерімен айналысады.

Елді мекендердің шекарасы цифрлық жүйеде тіркеледі

Заң жобасында цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылған.

Әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың шекаралары арнайы ақпараттық жүйеде тіркеліп, есепке алынатын болады.

Сонымен қатар елді мекендердің шекарасын белгілеу бас жоспарлар мен даму схемалары негізінде жүзеге асырылады.

Министрліктің пікірінше, бұл аумақтық жоспарлау мен қала құрылысы жүйесінің өзара байланысын күшейтеді.

Заң жобасының басты мақсаты қандай?

Вице-министрдің айтуынша, құжат елдің аумақтық тұтастығын нығайтуға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және әкімшілік-аумақтық жүйені жаңа Конституцияға сәйкестендіруге бағытталған.

Жалпы алғанда, заң жобасы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, еліміздің аумақтық тұтастығын күшейтуге бағытталған, – деді Бауыржан Омарбеков.

Парламент депутаттары заңды талқылап болған соң, дауыс беріп, бірінші оқылымда құжатты мақұлдады.