Ауыл инфрақұрылымын реттеуге қауқарсыз. Депутат «Ауыл - ел бесігін» сынға алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев партияның кезектен тыс XVIII съезі барысында айтты.
Ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі. Береке мен байлығымыздың бастауы. Ауылда өскен әрбір азамат туған топырағын барынша қадірлеп, қастерлеуге міндетті. Төрт түлігін түлетіп, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл бүтін елдің асыраушысы. Өкінішке қарай, қазір ауыл адамының жағдайы жайлы деп айта алмаймыз. Оған қарқыны өсіп келе жатқан урбанизация үдерісі осының айқын дәлелі, - деді Бектаев.
Мәжіліс депутатының айтуынша, мемлекет тарапынан «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасы екі жыл бойы іске асып келеді.
Алайда ол бағдарламаның өзі ауылдың инфрақұрылымын реттеуге қауқарсыз. Мемлекеттік орган арасында үйлесімді тірлік жоқ. Бөлінген қаражаттың тиімділігі төмен. Біз технологиялық ғарыштар дамыған дәуірдеміз, десе де ауылдағы ауызсу мәселесі әлі де шешім тапқан жоқ. XXI ғасырда өмір сүріп жатсақ та, әлі ауылдардың ішінде есек-арбамен кезіп, бөшкелеп су тасып жүрміз. Ауыл баласының уақыты су тасуға кетеді, - деді ол.
Айта кетейік, кезектен тыс съезге партияның өңірлік филиалдарынан 110 делегат сайланды. Карантин шараларына байланысты 64 делегат тікелей, 36 делегат қашықтан қатысты.