"Ауыл – ел бесігі" жобасына 1,5 млрд теңге бөлінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлібекова мәлімдеді.

"Ауыл – Ел бесігі" жобасына даму үшін потенциалы бар және халық саны көп 28 перспективалы ауылдық елді мекен енгізілді.

Экономика министрлігі ауылдарды осы жобаға қосу үшін параметрлерді анықтады.

Олар:

· халық санының өсу динамикасы;

· халықтың жұмыспен қамтудың өсу динамикасы;

· ірі елді мекендерге алыс-жақындығы;

· мал және егін шаруашылығы көрсеткіштерінің өсу динамикасы;

· ТОП туристік аймақтар жақындығы;

· ел қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бойынша көрсеткіштер.

Жоба, аудан орталығы саналатын 3 ауылда 2019 жылы іске асырыла бастаған. Олар – Маңғыстау, Бейнеу және Шетпе ауылдары (ҚР бойынша – 53 ауыл, 30 млрд теңге).

2019 жылы 24 жобаны іске асыруға 1,4 млрд теңге бөлініп, игерілді (республикалық бюджет – 1 204,6 млн. теңге, жергілікті – 173,7 млн теңге).

4 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі жөнделді. Олар – Шетпе ауылындағы Берекет Жұмалиев атындағы орта мектеп ғимаратын және 300 орындық Мәдениет үйін және Маңғыстау ауылындағы жастар ресурстық орталығын ағымдағы жөндеу және орталық кітапхана құрылысы; 7 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектісі. Олар –Маңғыстау ауылындағы 4 учаскенің көшелеріне жарық тарту және Бейнеу ауылының көшелеріне газ құбырын салу жұмыстары; 3 ауылдағы көлік инфрақұрылымының жалпы ұзындығы 38,2 километр болатын 13 объектісі. Барлық объектілер мерзімінде аяқталды – деді Марина Әлібекова.

2020 жылға арналған бюджетте "Ауыл – Ел бесігі" жобасы аясында басында 1,6 млрд теңге қаралған болатын (республикалық бюджет – 1 387,4 млн теңге, жергілікті бюджет -215,6 млн теңге). Сәуір айында қосымша 2,5 млрд теңге бөлінді.

Нәтижесінде, биылға арналған жалпы көлем 4,1 млрд теңгені, оның ішінде республикалық бюджет сомасы 3,8 млрд. теңгені құрады. 7 ауыл бойынша (Бейнеу, Ақшұқыр, Қызылтөбе, Баянды, Басқұдық, Рахат, Шетпе ауылдары) 33 жобаға, соның ішінде: 5 әлеуметтік объекті құрылысына және ауылдардың инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге – 1,5 млрд. теңге; ауылішілік жолдарды салуға және орташа жөндеуге – 2,6 млрд теңге бөлінеді. Барлығы – 32,2 км жол салу және 54 км жолды жөндеуге бағытталды – деді спикер.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы