Ауыл – ел бесігі: еңсесі биік елдімекен

Жамбыл облысына қарасты Тоғызтарау ауылдық округі бүгінде жаңа кейіпке еніп, еңсесін тіктеп келеді. 2006 жылы Жуалы ауданы Билікөл ауылдық округінен бөлініп шыққан шағын ауыл аймағы бүгінде үш елді мекенді біріктіреді. Олар – Тоғызтарау, Жаңаөткел және Құмсуат ауылдары. BAQ.KZ тілшісі шалғайдағы ауыл тынысымен танысып қайтты.

Жалпы округте 186 аула, 816 тұрғын бар. Халықтың басым бөлігі қазақтар болса, орыс ұлтының өкілдері де бірлікпен өмір сүруде. Қазір бұл ауылдық округ облыстың Жамбыл ауданының құрамында. Ауылдың бүгінде тыныс-тршілігі жақсарып, ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Ауылдық округ облыс орталығынан 65 шақырым, аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Шалғайда жатқанымен, соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауылдың ажары кіріп, жаңа тыныс алып келеді. Нақтылай кететін болсақ, 2024 жылы Тоғызтарау ауылындағы Сұлтан каналының бойына шлюз орнатылды. Бұл игі іс ауылдың экономикасына жаңа серпін берді. Канал бойындағы егіншілік пен мал шаруашылығына қолайлы жағдай туып, тұрғындар кәсіп ашуға мүмкіндік алды.

Ауылдық округ әкімі Нұрәділ Төлеков бұл жөнінде:

Ауылдың дамуы – тұрғындардың еңбегіне, бірлігіне байланысты. Сұлтан каналына шлюз орнатылғаннан бері жаңа жобалар жүзеге асып, кәсіпкерлікке жол ашылды. Бұл тек су көзін тиімді пайдалану емес, ауылдың болашағына салынған инвестиция. Шаруалар егінін егіп, малын бағып, өнімін арттыра бастады. Мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың арқасында ауылымыздың әлеуеті артып келеді, – дейді.

Ауылдың ажарын ашатын ең үлкен игіліктің бірі – көше жарығы. 2024 жылы Тоғызтарау ауылының Жамбыл көшесіне жарық шамдары орнатылса, 2025 жылы Т.Рысқұлов пен Мектеп көшелері жарықтандырылды. Жаңаөткел ауылының Ж.Садықов көшесі де 2025 жылы толығымен жарықтандырылды. Бұл тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың түнгі көрінісін айшықтап, жастардың қауіпсіз жүріп-тұруына сеп болды. Сондай-ақ ауыл инфрақұрылымының дамуы да жүйелі жүзеге асуда. Өткен жылы Құмсуат ауылының О.Сметілдә көшесіне асфальт төселді. Ал биыл Тоғызтарау ауылының Т.Рысқұлов пен Мектеп көшелеріне сапалы асфальт жамылғысы төселді.Жаңаөткел ауылында да жақын жылдары асфальт төсеу жұмыстары жалғасын табады. Ауыл тұрғындары да соңғы жылдардағы оң өзгерістерге дән риза.

Біздің ауылымыз бұрын қараңғы, жолдары ойлы-қырлы болып жататын. Балаларымыз кешкісін сабақтан қайтқанда алаңдап отыратынбыз. Қазір көшелерге жарық орнатылды, жолдар тегістелді. Жаңа футбол алаңы балалардың сүйікті орнына айналды. Таза ауыз су келгелі тұрмысымыз әлдеқайда жеңілдеді. Осындай жақсылықтар үшін ауыл әкімдігіне, мемлекетке алғысымыз шексіз. Біз енді ауылымыздың одан әрі көркейе беретініне сенеміз, – дейді Тоғызтарау ауылының тұрғыны Назира Қуатова.

Мен көп жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келемін. Бұрын малды тоғыту үшін алысқа апаратынбыз, біраз қиындықтар туындайтын. Биыл ауылымызға купка (мал тоғыту орны) орнатылған соң, жұмысымыз әлдеқайда жеңілдеді. Бұл – қарапайым шаруаларға жасалған үлкен көмек. Екіншіден, Сұлтан каналына шлюз салынғаннан кейін егіншілікке де жағдай жақсарды. Бұрын су азайып қалса, өнімге зиян тиетін. Қазір судың реттелуі арқасында жеріміз көгеріп, малға да, егінге де тиімді болып тұр. Осындай қолдаулар ауыл шаруашылығын дамытуға зор серпін беріп отыр, – деп жалғады Бақтыбек Оңғарбаев.

Округке қарасты Құмсуат ауылына 2023 жылы ауыз су блок-модулі орнатылып, тұрғындар таза суға қол жеткізен болатын. Биыл жүйелі іс жалғасын тауып, Жаңаөткелде жалғасып, ауылға толыққанды ауыз су жүйесі тартылды. Таза судың келуі – тұрғындар үшін ең үлкен қуаныштың бірі болды.

Жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау да назардан тыс қалған жоқ. 2023 жылы Тоғызтарау ауылына, 2024 жылы Жаңаөткел ауылына кіші футбол алаңдары соғылды.

Бұрын ауылда спортпен айналысатын арнайы орын болмаушы еді. Біз көбіне шаң-топырақтың арасында доп қууға мәжбүр болатынбыз. Қазір жаңа футбол алаңы салынғалы жастардың өмірі өзгерді. Кешкісін ауыл балалары түгел алаңға жиналып, футбол ойнаймыз. Тіпті көрші ауылдың жастары да келіп, жолдастық кездесулер өткізіп жүрміз. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Арманым – спортшы болып, ауылымыздың атын шығару. Осындай жағдай жасаған үлкендерге рахмет айтамын. Жарық шамдардың орнатылуы да бізге қауіпсіз ойнауға мүмкіндік берді. Әсіресе, жазғы кештерде жарық алаң ауылдың шырайы болып тұр, – деп жас спортшы Айзат өз пікірін білдірді.

Ал ауыл ақсақалы елдік іске ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.

Мен бұл ауылдың тарихын да, тіршілігін де көптен бері білемін. Жас кезімізде жолдың азабын көп көрдік, ауыз суға зәру болдық. Қазір, шүкір, ауылымыз өзгеріп келеді. Құмсуат пен Жаңаөткелге су тартылды, Тоғызтарау да жаңаруда. Асфальт жол салынған көшелерді көріп, қуанбасқа болмайды. Бұл – ауылдың болашағына жасалған инвестиция. Жастарға жағдай жасалса, олар ауылдан кетпей, еңбек етеді. Біз сияқты қариялардың ең үлкен тілегі – ауылдан береке кетпесін, – деді Қоңырбек ата Тазабеков.

Сонымен қатар, ауылішілік қоғамдық көлік қатынасына қолайлы болуы үшін Тоғызтараудағы М.Жүнісұлы көшесі мен Жаңаөткелдегі Ж.Садыков көшесі бойынан автобус аялдамалары бой көтерді. Ауылдық округтің бүгінгі дамуы тұрғындардың ынтымағы мен мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың жемісі.

Біздің мақсатымыз – ауылдың дамуын жүйелі түрде жалғастырып, әрбір тұрғынға қолайлы жағдай жасау. Мемлекетіміздің қолдауы барда, халықтың бірлігі барда Тоғызтарау ауылдық округі алдағы уақытта да көркейе беретініне сеніміміз мол, – деп сөзін түйіндеді ауыл әкімі Нұрәділ Төлеков.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы