«Ауыл – ел бесігі» бойынша 119 жоба жүзеге асып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл – Ел бесігі» жобасының облыста іске асырылу барысымен танысу үшін облысқа арнайы ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев барды.
Жұмыс сапары барысында алты елді мекендегі жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Жамбыл ауданы Аса ауылындағы Мұқан Төлебаев атындағы балалар өнер мектебіне барған министр мекемені аралап, жай-күйін көрді. Ғимараттың іргетасы 1975 жылы қаланып, біршама жыл кинотеатр ретінде халыққа қызмет көрсетіп келген. Ондаған жыл бойы бос тұрған нысанға соңғы жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2019 жылы пайдалануға берілді. Өнер мектебінде 102 қызметкер еңбек етсе, 11 үйірме бойынша 1 462 бала қосымша білім алуда. Ауданға қарасты елді мекендерде өнер мектебінің 5 филиалы ашылған.
Жалпы ауданда екі жылда «Ауыл – ел бесігі» аясында 1,3 миллиард теңгеге 45 жоба іске қосылған. Министр бұдан басқа да бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.
Бұдан кейін министр Тараз қаласындағы «Арай» массивіндегі «Империя» әлеуметтік дүкенінде болып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына назар аударды.
Өңірде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бағаны тұрақтандыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Тараз қаласында ғана емес, аудан орталықтарында әлеуметтік дүкендер ашылды. Бүгінгі таңда облыс орталығында – 17, аудандарда 15 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері «Алқаптан сөреге дейін» жобасымен өнімдерін ірі сауда орталықтарына өткізіп, халықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуде.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің жұмыс сапары Байзақ ауданында жалғасып, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының оң нәтижелеріне қанықты. Мәселен, «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі пилоттық жоба аясында құрылған.
Облыс әкімінің айтуынша, жобаның бес бағыты бойынша жалпы 8,437 миллиард теңге несие қаражаты игерілген. Бөлінген қаражат есебінен 7,2 миллиард теңгеге 2,5 пайызбен 2 489 өтінім қаржыландырылды. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен «Тараз» МҚҰ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 1,2 миллиард теңге несие қаражаты 5 пайызбен несиелендіріліп, лизингке 194 ауыл шаруашылығы техникасы берілген. Нәтижесінде пилоттық ауылдық округтердегі ауыл шаруашылығы техникалары 36 пайызға жаңартылған. Өңірде жеке кәсіпкерлер саны 2 282-ге артты. 589 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаға енген округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасыға немесе 65 пайызға азайды.
Сондай-ақ, министр «Гранд Фудс» ЖШС-нің көкөніс қоймасымен танысты. Қазіргі таңда облыс бойынша 236 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істеуде.
Т.Рысқұлов ауданы Өрнек ауылдық округінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының облыста іске асырылу барысы бойынша көшпелі кеңес өтті. Жиынға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев және аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.
Бұл жоба ауылдардың тұрақты дамуына əсер етеді. 2019-2020 жылдары ауылдық елді мекендерде құны 74,4 млрд теңгені құрайтын 1010 жоба іске асты. «Ауыл - Ел бесігі» аясында 7 ауданның 29 елді-мекенінде 10,3 млрд теңгеге 200-ден аса жоба орындалды. Биыл осы жоба аясында 10 ауданның 67 ауылдық елді мекенінде 8,7 млрд теңгеге 119 жобаның 64-і пайдалануға берілді, 405 жұмыс орындары құрылды,- деген облыс әкімі бұл бағдарлама ауылдағы мәселелерді шешуге, ауыл адамдарын жұмысқа тартуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ербол Қарашөкеев республика бойынша 3,5 мыңнан аса преспективалы елді мекен анықталғанын, онда халықтың басым бөлігі тұратынын айтты.
Бұл бағдараламаға 618 миллиард теңге бөлініп, 12 мыңнан астам жоба жүзеге асырылды. «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы алдағы 5 жылда өз жалғасын табады,- деді министр.