«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 400-ге жуық жоба жүзеге асырылды
Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша соңғы төрт жыл ішінде 366 жоба жүзеге асырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
2019-2023 жылдар аралығында өңірде 88 ауыл модернизацияланды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тюлюбаевтың айтуынша, бағдарлама шеңберінде облыс бойынша 190 мың халқы бар преспективалы елді мекендер іріктелді.
Былтыр жоба аясында 26 ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға шамамен 10 млрд теңге бөлінді. Бас-аяғы 88 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда биыл жеті дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мәдениет үйы мен екі білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар биыл тағы 15 ауылдың инфрақұрылымы жақсарады. Нақтырақ айтқанда 17 әлеуметтік мекеме ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 61 шақырымдық ауылішілік жолдар қалыпқа келтіріліп, асфальт төселеді, - дейді Дамир Тюлюбаев.
Мамандардың айтуынша, жобалардың барлығы ауыл халқына қажет коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Нақтырақ айтқанда, ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін өтеп, тұрмысын жақсарту көзделген.
Қазіргі уақытта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы келесі жылдарға жоспарлау жұмысы қолға алынып жатыр.
Келесі жылы тағы 15 елді мекенде маңызды жобалар жүзеге асырылады. Бұл ауылдарда 12 мыңнан астам азамат тұрады. Жалпы бағдарлама аясындағы игі істерді іске асыру алдағы үш жыл бойы қолға алу жоспарланып отыр. Жоспар аясында тағы ондаған ауылда жаңа әлеуметтік нысандар пайда болмақ, - дейді Дамир Тюлюбаев.