«Ауыл – ел бесігі». Аймағамбетов Ақтөбе облысының ауылдарын аралады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылуымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды.
Сапар барысында Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау, білім беру, спорт және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Саржансай ауылында мердігерлік ұйымдар жүргізіп жатқан ауыл ішілік көше жолдарын жөндеу жұмыстары қаралды. Бұл жобалар да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Ауылда атқарылған жұмыстармен танысып шығып, Мәртөк ауылына барды. Министр дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған 160 орындық кешен футзал, волейбол, баскетбол және басқа да ойындар бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған.
Асхат Аймағамбетов Мәртөк ауданындағы Қазан ауылында болып, жергілікті медициналық пунктің жұмысымен танысты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде пайдалануға берілген медициналық нысан бір ауысымда 40 адам үшін медициналық қызмет көрсетуге шақталған.
Министр сондай-ақ облыстың бірнеше ауылдық мектебіне барып, онда білім беру нысандарының жай-күйін егжей-тегжейлі зерделеді. Асхат Аймағамбетов болған білім беру ұйымдарының арасында Мәртөк ауданының Хлебодаровка ауылдық мектебі болды. Қазір мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оқу орнында едендерді жөндеу және ауыстыру, жылыту және жарықтандыру жүйелерін ауыстыру, ішкі және сыртқы әрлеу, кәріз жүйесін жөндеу және абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда мектептегі 95 мұғалім 574 оқушыны білім нәрімен сусындатады.
Министр Қарғалы ауданында да болды. Петропавловка ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мердігер ұйым жүргізіп жатқан көшелерді жарықпен қамтамасыз ету жұмыстарын көрді. Сондай-ақ министр Петропавловка ауылында жергілікті мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, мектеп ұжымымен кездесу өткізді.
Министрдің жұмыс сапары Хромтау ауданында жалғасты. Ақжар ауылында ол «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары шеңберінде жөнделген 11 кентішілік көшенің автомобиль жолдарын қарап шықты.
Сонымен қатар министр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты.
А. Аймағамбетов Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысу үшін Хромтау қаласына барды.
Министр Ақтөбе облысына жұмыс сапарын Хромтау ауданының әкімдігінде қорытындылады.
Ақтөбе облысында соңғы 3 жылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 42 ауылда жалпы сомасы 11,8 млрд теңгені құрайтын 108 жоба іске асырылды. Оларды жүзеге асыру барысында 2 072 жұмыс орны, оның ішінде 278 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Биыл жалпы сомасы 6,1 млрд теңгені құрайтын 69 жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде басымдық берілген 33 ауылдағы (26 тірек, 6 спутниктік және 1 стратегиялық ауыл) 30 мың тұрғынның өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.