«Ауыл – ел бесігі»: Ақмолада 30 жоба іске асырылады

 

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақмола облысында жүзеге асырылатын 30 жоба ауылда тұру үшін қолайлы орта құруға бағытталып отыр.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған жоба аясында білім беру, денсаулық сақтау саласы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын күрделі жөндеуге және ауыл жолдарын орташа жөндеуге басымдық беріледі.

Биыл Ақмола облысында бағдарлама аясында 30 жоба жүзеге асырылуда. Ауызсу, электр энергиясы, көлік инфрақұрылымы және жылумен қамтамасыз ету салаларында құрылыс, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба барысы өңір басшылығының тұрақты бақылауында. Осы жобаларды іске асырудың басты шарттарының бірі жұмыс орындарын құру болып табылады. Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында Егіндікөл, Жақсы және Қорғалжын аудандарының елді мекендеріндегі кентішілік жолдарды орташа жөндеу бойынша жобаларды іске асыру басталды, - дейді Ақмола облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев. 

Оның айтуынша, жобаларды іске асыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауылдық жерлердің инфрақұрылымдық келбетін жақсартуға айтарлықтай ықпал етуге мүмкіндік береді.

Жоба бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Бағдарлама қарапайым ауыл тұрғындарының игілігіне бағытталған. Әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымды жөндеу, спорт кешенін салу – осының барлығы ауылдықтардың өмір сүру сапасын арттырады. Нәтижесінде шалғай өңірлерге отбасыларымен білікті мамандар келе бастады, жаңа кәсіпорындар ашылуда, - деп атап өтті Қанат Дүзелбаев. 

Оның мәлімдеуінше, Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласындағы жылу және сумен жабдықтау жүйесін қайта құруға ерекше назар аударылуда. Білім беру, мәдениет және спорт саласындағы нысандардың сапалы әрі мерзімінен кешіктірілмей қолданысқа берілуіне басымдық беріледі.

Целиноград ауданының Ақмол ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және Сандықтау ауданының Балкашино ауылында стадионды жаңғырту жұмыстары басталды. Атбасар ауданының Бастау ауылында жастардың бос уақытын өткізу орталығының құрылысы жүруде. Жақсы ауданының Жақсы ауылының мәдениет үйінде және Запорожье ауылының орта мектебінде күрделі жөндеу жүргізілуде, - дейді басқарма басшысы. 

Оның айтуынша, қазіргі заманғы дене шынықтыру-сауықтыру кешені Целиноград ауданының Ақмол ауылында салынуда. Енді ауыл жастарының футбол, баскетбол және волейбол ойнап, спортпен айналысуларына мүмкіндік туады. Сондай-ақ, жаңа нысанда жаттығу және күрес залы және екі бассейн болады. Қазір 74 монолитті іргетас, үш темірбетон бағанасы, қабырғалар, бассейн ванналарын қағу жұмыстары жүргізілді. Ғимараттың периметрі бойынша іргетас арқалықтарына бетон тіректер қағылды, 25 металл баған орнатылды, кәріз және су құбыры жүргізілді. Аралыққабырғаларды қалау, жабын бойынша тіреулерді монтаждау, жабын учаскесінің бетонына арматура дайындалуда. Қазіргі күні құрылыс-монтаж жұмыстарының 30%-ы орындалды.

Атбасар ауданының Бастау ауылдық округінде жастардың бос уақытын тиімді өткізетін орталық ашылады.

Бүгінгі таңда нысанның екі қабатында монтаждау жұмыстары жүргізілді. Жаңа орталықта 195 орындық концерт залы, хореография және көркем гимнастика залы болады. Сондай-ақ, түрлі музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету, вокал және басқа да түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Жастардың бос уақытын өткізу орталығының ашылуы биылғы жылдың соңына жоспарланған, - дейді Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Қуатбеков. 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы