«Ауыл – ел бесігі»: 100-ге жуық ауыл тұрғынының тұрмысы жақсарады
Ертіс өңірінде 2027 жылға дейін 99 ауылды модернизациялау көзделген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына іліккен елді мекендердің басым бөлігінің халық саны 500 адам, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Ал 2024 жылы 15 ауылдың инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайын. Қазіргі уақытта жалпы құны 5,3 млрд теңге болатын 23 жоба бойынша бюджетті өтініштер жолданған.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктің айтуынша, бүгінгі күнге дейін мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 11 спорт нысаны мен төрт ауылдық мәдениет үйі салынды.
Сонымен қатар, 82 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтті. Ауыл ішіндегі 300 шақырымдық жолға асфальт төселіп, көшелердің 65 шақырымы жарықтандырылды. Биыл жоба аясында 26 ауылдың 35 мың тұрғынының тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыс қолға алынады. Бұл игілікке, 84 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға 9,8 млрд теңге бөлінді. Бұл – рекордтық сома, - дейді басқарма басшысы.
Аймақта 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық жерлерді дамыту концепциясы да жүзеге асырылып жатыр. Құжат ауыл халқының өмірін жақсарту, ауылдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Басты мақсат – ауылдардың инженерлік нысандарын аймақтық стандарттар жүйесіне сәйкестендіру. Халық кірісін ұлғайту да басты міндеттердің қатарында.
Шекаралық ауылдардың дамуына баса мән беріледі. Халықтың көшіп кетпеуі мен ауылдарда тұрақтап қалуы үшін жайлы жағдайлар жасау көзделген. Сонымен қатар, шекаралық елді мекендерде тұратын азаматтардың жалақысына үстемеақы қосу мүмкіндігі қарастырылады. Тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша да жұмыстар күшейтіледі. Мәселен, өз жұмыскерлеріне үй салып берген кәсіпкерлер үшін үй бағасының жартысын мемлекет субсидиялайтын болады, - дейді Ирина Назарчук.