Ауыл әйелдерінің форумы: бизнес пен биліктегі әйелдер
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада ауыл әйелдерінің III республикалық форумы өз мәресіне жетті. Пандемия кезеңінде форум 14 өңірде онлайн режимде өтті. Оған 163 ауылдық елді мекеннен 2700-ге жуық ауыл әйелі қатысты.
Республикалық форумға 11 облыстан іріктелген делегат қатысты. Осылайша, форумда ауыл әкімдері, білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлер басқосты.
Форум ынтымақтастық пен диалогтің алаңына айналды. Ауыл өмірінің барлық саласын қамтитын әйелдерді облыс әкімдерінің қолдауымен бір алаңға жинау форум аясында жүзеге асырылып отыр. Бүгін республикалық форумның үшінші мәрте өтіп жатқаны да осының дәлелі. Форум аясында ауыл шаруашылығы, ауылдық жерлерді тұрақты дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, өзін-өзін жұмыспен қамту мәселелерін көтеріп, біртіндеп ол мәселелердің шешімін табуға жағдай жасалып отыр, - деді Мәжіліс депутаты Майра Айсина.
Өз кезегінде Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Ләззат Рамазанова Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
Ауыл мен әйел қай кезде де қазақ үшін қастерлі, киелі ұғым. Бәріміздің тамырымыз ауылдан. Ғұмырымыз әйелден басталады. Қазір де ел халқының 40 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан ауылды дамыту - мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі. Бұл ретте әйелдердің әлеуетін күшейтуге әрқашан мән беріледі. Себебі олардың экономикалық белестері мен әлеуметтік жетістіктері жыл сайын артып келеді. Бүгінде әйелдердің өз кәсіпорындарын ашып, шаруа қожалықтарын басқарып, бірегей өндірісті іске қосып, мыңдаған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Оған қоса, өскелең ұрпақты тәрбиелеп, отбасы құндылықтарын сақтау ісінде де алатын орындары ерекше маңызды, - делінген Дәурен Абаевтың құттықтау сөзінде.
Ал Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстанның аграрлық секторы экономиканың басты салаларының қатарына кіретіні бәріне белгілі екенін жеткізді.
Оның дамуының экономикалық және әлеуметтік мәні бар. Өйткені аграрлық өнеркісіптік кешен Қазақстан халқының жартысынан көбінің табыс көзі болып табылады. Бүгінде ауыл халқының саны 7,2 млн-ды құраса, оның 50 пайызы – әйел адамдар болып отыр. Мемлекет басшысы өзінің 2020 жылға арналған жолдауында әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуды тапсырған еді, - деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Біржан Нұрымбетов айтқандай, ауыл - қазақ халқының алтын тамыры, руханиятымыздың темірқазығы.
Сондықтан ел экономикасының дамуы ауылмен тікелей байланысты. Осы орайда, ауылдың көркеюіне, елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына әйелдердің қосып отырған үлесі өте зор. Әйелдердің бастасына, әсіресе, ауыл әйелдеріне қолдау көрсету мемлекеттік маңызы бар іс деп санаймыз. Бүгінгі Қазақстанның еңбек нарығы жұмыспен қамтылған әйелдердің жоғары білімді, білікті қызметкерлердің болуымен сипатталады. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде экономикалық белсенді халықтың саны 9 миллионға жетті, соның тең жартысы, яңни 4 миллтоны әйелдер қауымы. Олардың 95 пайызы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 1 млн 100-і ауылда еңбек етуде. Біздің министрлік жұмыспен қамту, сонымен қоса кәсіпкерлік бастамаларды қолға алып және заманауи дағдыларды игертуге атсалысып келеді. Оның бәрі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып келеді. Ол халықты жұмыспен қамтумен айналысып келеді, - деді министр.
Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамтыу коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов форумның түске дейінгі бөлімінде ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығына қатысты маңызды сессиялардың болғанын атап өтті.
Өткен жылы біз виртуалды онлайн алаң құру туралы шешім қабылдадық. Себебі бүкіл әлем онлайн оқытуға көшіп жатыр. Пандемия да келіп, біз дұрыс шешім қабылданғанымызға көз жеткіздік. Бүгінде ол алаң 6 бизнестің бағыты бойынша жұмыс істеп тұр. Саңырауқұлақ өсіру, балық шаруашылығы, жылыжайда көкөніс баптау бойынша оқыту курстары бар. Жыл соңына дейін бұл санды 9 бағытқа жеткізуді жоспарлап отырмыз, - деді Сүлейменов.
Форум аясында Қазақстанда іске асырылып жатқанына 8 жыл болған «Coca-Cola белестері» әлеуметтік жобасы қорытындыланады, «Coca-Cola белестері-2020» байқауының 20 жеңімпазын марапаттау рәсімі және оларға «жасыл» бизнес-жобасы үшін Салтанат Рахымбекова атындағы гранты табысталды. Өңірде жасыл экономика, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығында кәсібін дөңгелетіп отырған өңірдегі 20 әйелге грант табысталды.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар осымен екінші жыл қатарынан БАҚ арасында Қазақстанда 2030-тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыруды насихаттау бойынша республикалық конкурс өткізіп келеді.
Форумда бұқаралық ақпарат құралдары арасында жеңімпаз журналистерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Конкурсқа 170 жұмыс қабылданды, оның ішінде конкурстық комиссия 15 өтінімді іріктеп алған. Интетрнет ресурстардағы үздік материал номинациясы бойынша Strategy2050.kz сараптамалық порталының тілшілері Назерке Сүйіндік пен Рабиға Нұрбай алса, екінші орынды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі Аягөз Құрмаш, үшінші орынды «Қазақпарат» ХАА тілшісі Серік Сәбеков алды. Сол сияқты «газеттегі үздік материал», «радиодағы үздік бағдарлама мен радиосюжет» және «үздік телесюжет» номинациялары бойынша әріптестеріміз мараптақа ие болды. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады.