Ауыл әйелдерінің әлеуеті өте жоғары – Сүлейменов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі 4 миллионға жуық ауыл әйелдерінің әлеуеті өте жоғары. Бұл туралы Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов «Ауыл әйелдерінің ауылдағы өмір сапасын арттыру бағытындағы игі бастамалары және ТДМ-2030 жетістіктері» атты ауыл әйелдерінің III республикалық форумы барысында айтты.

Осыдан 3 жыл бұрын ауыл әйелдерінің тынымсыз еңбегі мен ел экономикасына қосқан үлесін көзбен көріп, осындай форумды ұйымдастыруға алғаш рет бел буған едік. Бүгін серіктестеріміздің көмегімен форумды ауыл әйелдерінің пікір алмасатын алаңына айналдырып отырмыз, - деді Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамтыу Коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов. 

Ол атап өткендей, былтырғы жылдан бастап Қазақтанның әр облысында форум өткізу мүмкіндігі туды.  

Оның нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарда мықты қыз-келіншектермен жүздесіп, мыңдаған тағдыр мен сәтті кейстер тізімімен таныстық. Қамбадағы астығымен, төскейдегі малымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтып отырған ауылдарымыз еліміздің тірегі болса, сондағы әйелдер ауылдың нағыз жүрегі деп айтуға болады. Біздің түсінгеніміз еліміздегі 4 млн-ға жуық ауыл әйелдерінің әлеуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы мен ауылдық өнім өндіруді дамытуға қосар үлесі өте зор. Форумды өткізудің басты  мақсаты – ауылдағы өзекті мәселелерді талқылау. Ауыл өмірінің сапасын арттырып, ауылдардағы кедейлік деңгейін төмендету, - деді ол.  

Асхат Сүлейменов атап өткендей, «Жасыл» экономиканы дамыту коалициясы ауыл әйелдерін қолдап, олардың дамуы жолында еңбек етіп жатыр. 

Ұйым форум алаңында мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның, бизнес серіктестеріміздің күш-жігерін біріктіріп жасыл технологияларды  пайдалану арқылы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына, климаттың өзгеруіне қатысты халықаралық бағдарламаға сене отырып, ауыл мәселелерін шешуге жұмыс істеп жатыр, - деді ол.  

Айта кетейік, форум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі», Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы және Қазақстанда ТДМ – 2030-ға қол жеткізу және «Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасы аясында ауылды реформалау, агросекторды экономика өсуінің жаңа драйвері ретінде арттыру жөніндегі үкіметтік бағдарламаларды қолдау аясында жұмыс атқарады. 

 

Форумның алғашқы күнінің бағдарламасында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауылды дамыту, «Мал шаруашылығы фермерлік шаруашылықтарының тұрақтылығын арттыру», «Өсімдік шаруашылығы мен жеміс-көкөніс шаруашылығында өнімділікті арттыру бағытында инновациялық технологияларды қолдану», «Ауылдағы әйелдер бизнесі мен стартаптардың келешегі» тақырыбандағы сессиялар өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы