«Ауыл әйелдері зейнетке ерте шығуы керек»: Ауылдық әйелдер елордада бас қосты
Құрылтай депутаттығына кандидат Қарақат Әбден «Ауыл» партиясы бірнеше жылдан бері ауыл әйелдерінің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендетуді ұсынып келе жатқандарын айтты.
Астанада «Ауыл» партиясының Республикалық сайлауалды штабында партияның Астана қаласы бойынша Отбасы, әйелдер және балалар істері жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен «Саясаттағы әйелдердің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесуде партияның әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, отбасы институтын нығайтуға, әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға, отбасы әл-ауқатын арттыруға, жастардың өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасауға және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына бағытталған сайлауалды бағдарламасының басымдықтары талқыланды. Сондай-ақ әйелдердің мемлекеттік басқарудағы рөлі, саяси шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуы және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру мәселелері сөз болды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Қарақат Әбден партия қызметі ауыл шаруашылығымен ғана шектелмейтінін айтты.
Көпшілік «Ауыл» партиясының қызметін тек ауыл шаруашылығымен, фермерлермен немесе субсидия мәселелерімен байланыстырады. Бірақ бұл – толық түсінік емес. Иә, ауыл шаруашылығы – басты бағыттарымыздың бірі. Алайда әлеуметтік саясат та партиямыздың негізгі басымдықтарының бірі. Әсіресе әйелдердің, ауыл әйелдерінің, аналар мен балалардың әл-ауқатын арттыру, отбасы институтын нығайту – басты қағидаттарымыздың бірі, – деді ол.
Оның айтуынша, партия жанынан құрылған «Мейірім құшағы» комиссиясы бес жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі таңда комиссияның еліміздің барлық өңірінде бөлімшелері бар және олар шалғай ауылдардағы әйелдерге құқықтық әрі әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.
Біз тек ірі қалаларда емес, ауылдарда да жұмыс істейміз. Өкінішке қарай, ауылдық жерлерде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі кездеседі. Осындай жағдайларда қолдау көрсету – комиссия жұмысының маңызды бағыттарының бірі, – деді Қарақат Әбден.
Ол бүгінде қоғамға әдемі сөзден гөрі нақты нәтиже қажет екенін айтып, партияның бірқатар бастамалары жүзеге асқанын жеткізді. Соның ішінде әйелдерге қатысты рақымшылық жасау туралы ұсыныстың Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып, заңға айналғанын атап өтті.
Кандидаттың сөзінше, сайлауалды бағдарламада дәстүрлі отбасы институтын нығайтуға ерекше басымдық берілген.
«Ауыл» партиясы үшін отбасыны, әйелдер мен балаларды қолдау – жай ғана әлеуметтік бағыт емес, мемлекеттік маңызы бар стратегиялық басымдық. Отбасы – қоғамдық тұрақтылықтың, ұлттық болмыстың және Қазақстанның орнықты дамуының негізі. Сондықтан ұлттық және отбасылық құндылықтарды нығайту – басты міндеттердің бірі, – деді ол.
Дөңгелек үстелде ауыл әйелдерін қолдауға қатысты жаңа ұсыныстар да көтерілді. Атап айтқанда, ауылдан шыққан студент қыздардың магистратурада тегін білім алу мүмкіндігін кеңейту және ауыл әйелдерінің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі сөз болды.
Қазіргі таңда әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Біз бірнеше жылдан бері ауыл әйелдерінің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендетуді ұсынып келеміз. Ауыл мен қала әйелдерінің еңбек жағдайын бірдей қарастыруға болмайды. Сондықтан бұл мәселені алдағы уақытта да көтереміз, – деді Қарақат Әбден.
Өз кезегінде Құрылтай депутаттығына кандидат Жазира Сұлтанқұлова әйелдердің саясаттағы рөлі туралы баяндама жасап, халықаралық тәжірибеге тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда әйелдердің саясаттағы үлесі олардың саны арқылы емес, мемлекеттік басқару сапасына, заң шығару жұмысына және қабылданатын шешімдердің мазмұнына қосқан нақты үлесімен бағаланады.
Ол Қазақстанда әйелдердің саясатқа келуіне заңдық кедергілер жоқ екенін, алайда олардың кәсіби әлеуетін дамытуға және басқару деңгейіне дейін жеткізетін тиімді тетіктерді жетілдіру қажет екенін айтты. Сондай-ақ партиялардың кадрлық саясатын күшейту, тәжірибелі әйел көшбасшылардың тәжірибесін тарату, жастар арасында парламентаризм мәдениетін дамыту және мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың тұрақты диалогын қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Қарақат Әбденнің мәліметінше, бүгінде Құрылтай депутаттығына «Ауыл» партиясынан ұсынылған 69 кандидаттың 23-і – әйелдер. Оның айтуынша, партия алдағы уақытта әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі өкілдігін одан әрі арттыруды көздеп отыр.