Ауыл әйелдері форумы қатысушылары 104 жастағы батыр анамен кездесті
Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ. Қызылорда облысында ауыл әйелдерінің форумы басталды. Форум барысында облыстың кәсіпкер әйелдерінің идеялары, тауарлары мен қызметтерінің көрмесі ашылады.
"Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы" ЗТБ Басқарма төрағасы Салтанат Рахимбекова ауыл әйелдері форумының басты міндетін, өзектілігін айтты.
"Бүгінгі күні мемлекет саясатының басым міндеттерінің бірі – ауылдарды тұрақты дамыту және ауылда өмір сүру сапасын арттыру. Қазақстандағы ауылдардың басты мәселесі – ауыл тұрғындары табысының төмен деңгейі. Міне, сондықтан да ауыл әйелдерінің басын қосу және біріктіру өзекті, олардың ішінде ауыл әкімдері, мектеп директорлары, фермерлік шаруашылықтар мен ауыл бизнесінің басшылары бар және оларға тәжірибе алмасуға, кәсіби қарым-қатынасты жолға қоюға мүмкіндік беру өте маңызды. Біз осы ретте ауыл әйелдерінің өңір экономикасына қатысу мәселелері бойынша тиімді диалог алаңын құрамыз деп үміттенеміз", - деді Салтанат Темірқұлқызы.
Қазақстанның ауыл әйелдерінің алғашқы форумында "Ауыл әйелдері ауылдағы өмір сапасын арттыру үшін Жасыл экономиканы қолдайды" атты үндеу қабылданған.
Салтанат Рахимбекованың айтуынша, бүгінгі күнге дейін 12 облыстың ауыл әйелдеріне форум ұйымдастырылған.
"Біз бүгінге дейін Алматы, ШҚО, БҚО, Жамбыл, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Атырау, Қарағанды, Түркістан, Ақтөбе, Солтүстік-Қазақстан сияқты 12 облыстың ауыл әйелдерінің форумын ұйымдастырып өткіздік. Ауыл әйелдерінің облыстық форумдары, ең алдымен, пікірталас, тұсаукесерлер және тәжірибе мен жетістіктерді таныстыратын платформаға айналды", - дейді ол.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, форумда тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған үздік әлеуметтік және бизнес жобалардың мысалдарын таныстыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасына сәйкес 2019 жылы ауыл жастарына 4 мыңнан астам шағын несие берілді. "БЖК-2020" аясында 2019-2021 жылдарға 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар беру үшін 1,8 млрд теңге бөлінді.
Форум аясында қатысушылар "Ғасыр ана" номинация иегері, 104 жастағы ауыл тұрғыны, батыр ана Маханбетова Балшаймен кездесіп, дипломмен марапаттады. Форум барысында облыстың кәсіпкер әйелдерінің идеялары, тауарлары мен қызметтерінің көрмесі ашылады.
Айта кетейік, атаулы шара Қызылорда облысының әкімдігі, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы, "Сыр аналары" қоғамдық қоры, Сырдария аудан әкімдігі қолдауымен өтіп отыр.