Ауыл-аудандарда денешынықтыру-сауықтыруға арналған 100 кешен салу мәселесі көтерілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жетекшілігімен спорт және дене шынықтыру саласындағы өзекті мәселелер бойынша облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы әкімінің қатысуымен кеңес өтті.
Жиында мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыс шеңберінде спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерін жан басына қаржыландыру, елді мекендерде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселесі көтерілді. Сонымен қатар өңірлердегі Тұңғыш Президент нормативтерін тапсыру, өңірлерде спорттық-бұқаралық іс-шаралар (веложарыс, жүгіру, челлендж) ұйымдастыру және өткізу бойынша негізгі мәселелер қаралды.
Кеңес жұмысына бала құқықтары жөніндегі арнайы уәкіл Аружан Саин және өзге де қоғам белсенділері мен қайраткерлері атсалысты.
Кеңестің басында Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына ерекше ден қойғанын атап өтті.
Президент өңірлерде түрлі секция ашу арқылы өскелең ұрпақтың спорттағы және шығармашылықтағы әлеуетін арттырудың маңыздығына назар аудару керегіне тоқталды. Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты жандандыруға жол ашатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға былтыр 30 желтоқсанда қол қойған еді. Бұл заң халықтың барлық жас тобы арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуды, спорт инфрақұрылымның барынша қолжетімділігін арттыруды, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде секциялар мен үйірмелерді жан басына қаржыландыруды енгізу шараларын көздейді. Заңға толықтырулар мен өзгерістер Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын тиімді іске асыру мақсатында енгізілді. Мәдениет және спорт министрлігі осыған орай бірқатар нормативтік-құқықтық акті қабылдады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар Қазақстан халқының игілігі үшін осы нормаларды жүзеге асыруы қажет,-деді министр.
Осыдан кейін Мәдениет және спорт министрі вице-министрі Ерлан Қожағапанов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 1 мамырдан бастап мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс енгізілгенін жеткізді.
Министрлік барлық нормативтік-құқықтық базаны жедел қабылдап, арнайы порталды іске қосты. Жергілікті бюджеттен қаражат бөлу көлемінің жеткіліксіздігіне байланысты өңірлерде мемлекеттік тапсырысты қамту төмен. Мәдениет саласы бойынша барлығы 26 мың баланы (0,6%-ын) қамту жоспарлаған. Ең төменгі қамту деңгейі Қызылорда (0,18%), Қостанай (0,24%), Алматы қаласы (0,27%), Алматы облысында (0,29%) байқалады. Спорт саласы бойынша 44,6 мыңнан астам баланы (1,1%-ын) қамту жоспарда бар. Оның ішінде Түркістан облысында – 0,08%, ШҚО-да – 0,24%, Жамбыл облысында – 0,5%, Ақтөбе облысында – 0,6%,-деді вице-министр.