Ауыл амбулаторияларына санитарлық техника табыс етілді
Ертіс өңіріндегі екі ауданға заманауи санитарлық техника табыс етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Алты жедел-жәрдем көлігі Баянауыл және Павлодар аудандарының шалғай ауылдарына аттанды. Мамандардың мәліметінше, әр көліктің бағасы 22,5 млн теңге.
Ауылдағы дәрігерлік пункттерді жаңа техникамен қамту мәселесі халықпен кездесулерде жиі көтеріледі. Проблеманы шешу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Ал қыркүйек айында тағы 31 медициналық машина сатып алынады. Осылайша, үш жыл ішінде алыс жатқан ауылдардың барлығы жедел-жәрдем көліктерімен толық қамтылатын болады, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситқазинов.
Павлодар – халық саны көп аудандардың бірі. Жедел-жәрдем көліктері бірінші кезекте алыстағы ауылдарға алынды. Бүгінде 29 медициналық мекеме бар. Олардың ішіндегі үш фельдшерлік-акушерлік пункт пен 10 дәрігерлік амбулаторияның техникасы нығайтылуы керек.
Павлодар аудандық емхананың басшысы Гүлназ Қайырбаеваның айтуынша, жедел-жәрдем техникасы 2017 жылдан бері жаңартылмаған.
Бүгін жаңартылған көлік 2011 жылы шығарылған. Жағдайы нашар деуге болады. Су жаңа машиналар Чернорецк, Жаңа Ямышево және Ефремовка ауылдарына аттанды. Бұл елді мекендер Павлодар қаласынан 70 шақырымдық жерде орналасқан. Жаңа көліктердің іші кең. Құралдары да жаңаша. Енді ауыр халдегі науқастарымызға қиындықсыз жете аламыз. Жол бойында болған оқиғалар кезінде де сапалы қызмет көрсете аламыз, - дейді Гүлназ Қайырбаева.
Айта кетейік, өңірде жыл сайын 37 санитарлық көлік сатып алынуда. Нәтижесінде биыл ауылдық амбулаториялардың жабдықталу деңгейі 51%-дан 68%-ға дейін артады. Биылғы жылдың қаңтарында 11 емдеу мекемесі үшін 37 көлік сатып алу бойынша конкурс жарияланды.