«Ауыл аманаты» жобасын халық арасында түсіндіру жұмыстары басталып кетті
«AMANAT» партиясы «Ауыл аманаты» жобасы аясында Ақмола облысы аумағында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастады.
Партияның мобильді тобы 10 күн бойы өңірдің барлық аудандарында болып, 60-тан аса ауылдың тұрғындарымен кездесіп, жоба аясында табысты арттырудың жолдарын түсіндірмек.
Жоба Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында қолға алынып отыр. Мұндағы мақсат ауылдағы жұмыссыздықты жою, ауыл халқын жеке кәсібін дөңгелету арқылы табыс табуға үйрету, бұл бағытта қолдау көрсету. Бүгін Аршалы ауданының Жібек жолы, Ижев ауылдары мен Аршалы кентінің тұрғындарымен кездескен партияның мобильді тобының мүшелері ауылдықтарға жобаның мақсаты мен міндетін, табыс табудың жолдарын түсіндірді. Сарапшы маман Дмитрий Шледевицтің айтуынша, жоба ауылдықтарға кәсіпті бірлесе кооперация құру арқылы жүргізіп, ауқымды іс бастауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Үкіметтен де қолдау бар. Яғни, 2,5 пайызбен несие алуға болатынын жеткізді. «Жеке кәсіппкен айналысып, кооператив құрамын дегендерге 2,5 пайыздық көрсеткішпен жеңілдетілген несие беріледі. Сонымен қатар ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар. Одан қалды агроөнеркәсіп саласында кәсіби біліктілігі мол мамандардан тегін кеңестер берілдеді. Ал, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кооперативтердің жұмысын үйлестіріп отырады. Бұл да үлкен қолдау. Мәселен, қорадағы малының сүтін тапсырам дейтін кооператив мүшесі оны корпорация арқылы нарық бағасымен сата алады», -деп Дмитрий Шледевиц бағдарламаның тиімділігін тізбектеп берді.
Айта кетейік, бұған дейін, «Ауыл аманаты» жобасы пилоттық режимде Жамбыл облысында алғаш жүргізіліп, оң нәтиже берген. Жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Ауылшаруашығы мен егін шаруашылығын дамытып, оларды өңдеу, жеткізу, сату барлығын жүргізіп отырған кәсіпкерлердің саны артты.
Аршалы ауданының Жібек жолы ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Мейрам Мұсайбековтың айтуынша, жоба жүзеге асатын болса, қарапайым халық үшін тиімділігі мол болмақ. «Маған жоба ұнады. Біріншіден, жеңілдетілген несиенің пайызы төмен. Ұлттық валютаның инфляциясы бойынша бұл нөлдік пайызға тең болады деуге болады. Сондықтан халыққа оны өтеу оңайырақ болады деп ойлаймын. Бағдарлама халықты бірлесіп жұмыс істеуге шақырады. Оның да пайдасы көп. Бірлік бар да, тірлік бар демекші, ауылымызды көтеруге болады. Оның үстіне, жергілікті әкімдік те, «AMANAT» партиясы да көмектесіп, қолдау көрсетіп отырады. Бұл өте маңызды. Себебі, сала мамандарының кеңесі жеке кәсібін ендлі дөңгелетем деушілерге өте керек»,-дейді Мейрам Мұсайбеков.
Ижев ауылының тұрғыны Светлана Якоби да жобаның ауылдықтардың табысын арттыруға мүмкіндік беретініне сенім артып отыр. «Бүгін «AMANAT» партиясының өкілдері біз үшін тың жоба туралы ақпарат беріп, сұрақтарымызға жауап берді. Өзіме жоба ұнады. Қазір біздің ауыл тұрғындарының жеке кәсіппен айналысып, табыс табуға қызығушылықтары мол. Олардың бұл бағытта идеялары да бар. Ал «Ауыл аманаты» жобасы сол бизнес жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ең бастысы, халықтың табысы артса деймін», -дейді жоба жайлы толық ақпарат алған Аршалы ауданының тұрғыны Светлана Якоби.
«Ауыл аманаты» жобасымен танысқан аршалылықтар жоба аясында қызықтырған сұрақтарын қойып, өздерінің бизнес идеяларымен бөлісті, жобаны жетілдіру бойынша ұсыныстарын да жеткізді. Барлық ұсыныстар жинақталып жобаға толықтырулар енгізуге мүмкіндік береді,-дейді мобильді топ мүшелері.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында бұған едйін ауыл әкімдері арнайы оқудан өткен болатын. Қазір олар өздері басшылық жасайтын ауылда өндіруге болатын басым бағыттарды анықтайтын болады. Одан қалды ауылдарды аралау арқылы сараптама жүргізіледі. Жер телімі, инфрақұрылым және басқа да қажеттіліктер ескеріліп барып, ауылдардағы пилоттық жобаларға сай кооперативтер құрылады. Нақты ауылдың қажеттілігін өтейтін, одан әрі нарыққа шығаруға болатын өнім өндіруге басымдық берілмек.
Мобильді топ мүшелері бүгін сондай-ақ Ерейментау ауданының Торғай, Тайбай, Еркіншілік ауылдарына барып, жоба бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жалғастырмақ.