«АУЫЛ АМАНАТЫ» жобасы аясында ауылда жаңа цех ашылды
2023-2025 жылдарға арналған “Ауыл аманаты” жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру болып табылады. Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылының тұрғыны, 2,5 пайызбен несие алған кәсіпкер жаңа цех ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ. жартылай дайын тағам өндірісін қолға алған кәсіп иесімен тілдесіп қайттық.
Жоба аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін уақытты құрайды. Сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету міндетті болып табылады. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Өйткені, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндікті пайдаланып, кәсіп ашқандардың бірі Мария Қапалбаева.
Ол Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылының тұрғыны. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен несие алған кәсіпкер жаңа цех ашты. Шағын цехта жартылай дайын тағамдар шығарылады. Нақтысы Мария Қапалбаева қолдан тұшпара, шұжық, жайма және манты жасап, ауыл тұрғындарына өткізіп, сауда орындарына жеткізуде. Қолға алған жұмысын жүргізу үшін екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Күніне 20-25 келі өнім дайындалуда. Сұраныстың күнделікті артуына сәйкес, өнім көлемі көбеюде дейді, кәсіпкер. Мемлекеттік қолдаудың аясында жұмыс күшін азайту және өнімді сақтау үшін тоңазытқыш пен арнайы техникалар алған.
Менің кәсіп ашуыма ең басты себеп, бала күнімнен анама қолғабыс етуді, қонақ күтуді жақсы көрдім. Дәмді тағамдарды жасауды ұнатамын. Кейіннен ұстаздық қызметке кеттім, тұрмыс құрдым. Бірінен соң бірін сәбилі болдым. Жұмыс пен үйдің қамымен жүріп, көп нарсені ойлай бермедім. Бірақ ағайындар мен достар арасында қонақ күтетін болса, мен міндетті түрде жүретінмін. Осы қызығушылығымның арқасында міне, кәсіп аштым. Жеңілдетілген несие алдым. Негізгі жұмысымды тастамадым. Қасыма көмекші қыздарды алып, жұмысымды жеңілдеттім. Оның үстіне арнайы техникалар әкеліп, орналастырдым. Техникалармен еңбегіміз жеңілдене түсті. Өзім қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысамын. Іс-шараларға барып жүріп, мемлекеттік бағдарламаларды жиі еститінмін. Кейін өзім неге бастамасқа деген ой келді. Әрине, көп ойланбадым. Бірден жұмысқа кірістім. Туыстардан, ауылдастардан алғашқы тапсырыстарды ала бастадым. Кейін дайын өнімдер өтетінініе көз жеткізіп, бастаған ісімді ары қарайда ілгерілетуді ойластырдым. Біздің өнімдер үй рецепі бойынша дайындалады, өнім табиғи таза өнімдерден әзірленеді. Оған жергілікті жердегі мал – сиыр, жылқы, қой еті, отандық ұн қолданылады. Қосалқы қоспалар қолданылмайды. «Бұл – біздің басты ұстанымымыз», – дейді іскер әйел.
Жаңа кәсіпорынның ашылуына бүгін аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбай, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Талап Әбдібеков және ауыл тұрғындары қатысып, цехтың лентасын салтанатты түрде қиып, жаңа іс бастаған ауыл тұрғынына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, өткен жылы ауданда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 25 азамат жеңілдетілген несие алса, биылғы жоспар бойынша 15 адамға қаражат бөлінген. Биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық бердік. Бұл бағытта бірінші кезде ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, агроөнеркәсіп өнімдерін өңдеу және экспорт көлемін арттыруды қолға алдық. Осы ретте аудан тұрғындарына айтқым келеді, бизнес бастауда қорықпаңыздар. Кез келген сауал бойынша, біздің бөлімге келіп, кеңес алсаңыздар болады. Мамандар әрбір тұрғынға түрлі мемлекеттік жобаларды түсіндіре отырып, бастан-аяғына дейін сізге жол сілтеуге әзір. Қазір бұрынғыша, кәсіп бастау қиын емес. Түрлі бағдарламалар бар. Қайтарымсыз гранттар және жеңілдетілген несиелер. Барлығы кәсіпкерлікті дамыту бағытына беріледі. Осындай мүмкіндікті пайдалануға шақырамын, - кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбай.
Еңбек адамына кәсіп бастауға ештеңе кедергі бола алмайды. Ең бастысы, ниет болса болғаны. Қазір шағын және орта шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі, - дейді Мәрия Қапалбаева. – Цехты ашпастан бұрын қалай болар екен деп қобалжығаным рас. Бірақ жақындарым қолдау көрсетті. Цехта тұшпара тек қана таза еттен жасалады. Артық дәмдеуіштер қосылмайды. Бүгін, міне, қатты қуанып тұрмын. Бала күнгі арманымның жүзеге асқанына. Қандай іс бастау үшін ең бірінші ниет пен төзімділік қажет екен. Ал кәсіп бастауға жас кедергі емес екеніне өзімнің көзім жетті. Алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтып, үй ішінен ашылған цехты кеңейтсем деймін. Ол күнге де жететініме сенімдімін. Өйткені, ең бастысы іс басталды. Ары қарай артқа жол жоқ, тек мақсаттар жолында еңбек етпекпін.
Қазір Марияның өнімдері тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Бүгінде кәсіпкер тұшпара, манты, жайма, самса және тағы басқа дайын өнімдерді әзірлейді.
Бастаған ісімізді әрі қарай дамытқымыз келеді. Дайындаған өнімдерді көпшілікке ұсынудың өзіндік тәсілдері де бар екен. Оны арнайы курстарға қатысу арқылы үйрендім.Өзім аудандағы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесімін. Кәсіпкер қыз-келіншектермен араласа отырып, өзіме қажетті көп дүниені меңгердім. Енді аяқтан нық тұрып алсам, мен де талай қыз-келіншектердің қосымша кәсіп бастауға бір себепші боламын деген сенімдемін. Өйткені, қазіргі жас аналардың көпшілігі екі тізгінді тең ұстауға машықтанып, үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелетіп жүр. Осындай жігерлі, белсенді, әрдайым өзін қамшылап отыратын жас кәсіпкерлерге әрдайым сәттілік тілеймін. Ал өзім секілді қыз-келіншектерге іс бастаудан қорықпауға шақырамын. Себебі, қазіргі таңда мемлекеттік қолдауы өте жоғары. Үкімет өзі оқытамын, қолдаймын деген сәтте неге оны жақсы іске пайдаланбасқа. Бизнес нысандарының көбеюі ол ел дамуының негізі. Бұрын мен ойлайтынмын кәсіп бастау үшін менің үлкен ғимаратым болу керек. Техникам, жұмысшым көп болу керек деп. Тіптен олай емес екен. Кәсіпті кішкентай қадамнан бастау керек екен, - деді кәсіп иесі.